Қазақстан біртіндеп қартаяды: 2050 жылы әрбір алтыншы адам 60 жастан асады

Қазақстан халқы әлі де салыстырмалы түрде жас. Бірақ демографиялық бағыт біртіндеп өзгеріп келеді: адамдар ұзағырақ өмір сүре бастады, ал бала туу көрсеткіші кейінгі жылдары төмендеп жатыр. Соның нәтижесінде алдағы онжылдықтарда елдегі егде жастағы адамдардың үлесі айтарлықтай өседі.
БЖЗҚ мен БҰҰ болжамдары бойынша, 2050 жылға қарай Қазақстандағы 60 жастан асқан тұрғындардың үлесі 18,8%-ға жетеді. Яғни ғасыр ортасында шамамен әрбір алтыншы қазақстандық 60 жастан асқан болады. Құжатта мұндай деңгей «демографиялық қартаюдың өте жоғары деңгейі» ретінде сипатталған.
Бала туу керісінше төмендеп келеді
Қартаю процесін күшейтетін екінші фактор — туу деңгейінің төмендеуі. 2021 жылы Қазақстанда бір әйелге орта есеппен 3,32 баладан келсе, 2025 жылы жиынтық туу коэффициенті 2,57 балаға дейін түсті. БҰҰ болжамы бойынша, 2050 жылы ол 2,39 бала болуы мүмкін.
Яғни демографиялық пирамиданың екі жағында қатар өзгеріс жүріп жатыр: жоғары жағында адамдар ұзақ өмір сүріп, егде жастағылар саны артады, төменгі жағында жаңа туған балалардың салыстырмалы саны азаяды.