Түркістанда тұрғындарға «Абай жолы» роман-эпопеясы тарту етілді

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен зиялы қауым өкілдері қала тұрғындарына ғажайып сый жасады.
Абай күніне орай, қазақ әдебиетінің көрнекті туындысы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының көптомдығын тарту етті.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ұлы ақынның қазақ халқының рухани өміріндегі айрықша орнына тоқталды.
«Абайды тану – өзімізді тану, Абайды оқу – елдің ертеңіне қызмет ету. Ұлы Абай «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деп елді бірлікке шақырған. Бұл біздің басты ұстанымыз болуға тиіс. «Абай күні» құтты болсын! Абай аманатына адал болып, елге адал қызмет ете берейік!» – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Түркістан қаласындағы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Бұдан бөлек, «Абай әлемі: Ойдан – өнегеге»» тақырыптық кітап және сурет көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған әдебиеттер мен көркем туындылар көпшілік назарына ұсынылды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында Абай есімімен 1 ауылдық округ, 4 елдімекен, 110 көше, 15 мектеп аталады. Ұлы ақынның құрметіне 9 ескерткіш, 11 бюст орнатылған.
Мұның алдында президент Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтаған болатын.