Creative Aimaq жобасы: Алматы облысының креаторлары 9 млн теңгеге өнімін сатты

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

8-9 тамыз күндері Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында республикалық Creative Aimaq жобасы аясында Алматы облысының креативті жәрмеңкесі өтті.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпаратына қарағанда, жәрмеңкеде креативті индустрияның түрлі бағытындағы өнімдер ұсынылды.

«Олардың қатарында зергерлік бұйымдар, ағаш пен теріден жасалған заттар, ұлттық тоқыма өнімдері, киімдер мен әшекейлер, сырмақтар, сөмкелер, әмияндар, белдіктер, кәдесыйлар, сәндік паннолар мен бейнелеу өнері туындылары болды», – делінген мәліметте.

Жәрмеңкеге келген көпшілік бейнелеу өнері туындыларына ерекше қызығушылық танытты. Картиналардың ішінде ең жоғары баға 5 млн теңгеге жетіп, тағы бір туынды 1 млн теңгеге сатылды. Өзге де сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, ұлттық киімдер мен әшекейлердің сатылым құны 73 мыңнан 550 мың теңгеге дейін жетті.

Бағдарлама аясында зергерлік өнер, киіз бен жүн өңдеу, қыш бұйымдарын жасау, ағаш пен тері өңдеу, ою-өрнек және музыкалық аспаптар жасау бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Екі күндік жәрмеңке қорытындысында өңір креаторлары 9 млн теңгеден астам өнімді сатты. Іс-шараға елорданың 2 мыңға жуық тұрғыны мен қонағы қатысты.

Жоба аясында Қазақстанның 8 өңірінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оларға 352 креатор қатысып, жалпы 20 690 адам қамтылды. Креативті өнімдерді сатудан түскен жалпы қаражат 42 млн 955 мың теңгеге жеткен.

Мұның алдында Аида Балаева «креативті индустрия жаңа экономикалық саясаттың маңызды бағыты» екенін жеткізген еді.

Сондай-ақ оқыңыз