«Золотая женщина» лақап атымен танылған блогер психикалық орталыққа жатқызылды

TikTok желісінде «Золотая женщина» лақап атымен танымал болған блогер психикалық орталыққа жатқызылды. Бұл туралы Жамбыл облыстық ПД хабарлайды.
41 жастағы Ләйло Қасымова – Байзақ ауданының тұрғыны. TikTok желісінде тікелей эфирлерге шығып, балағат сөздер қолданғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Полиция мәліметінше, ескерту алғанына қарамастан әрекетін жалғастыра берген. Тіпті кәмелетке толмаған балаларын да балағаттаған.
Осыдан кейін жедел медициналық жәрдем бригадасы Ләйло Қасымованы тексеріп, ем қабылдау үшін Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызды.
Полиция мен қамқоршылық органдары, басқа да құзырлы қызмет блогердің балаларының қандай жағдайда тұратынын тексерді. Қазір олар әкесімен бірге.
Бұған дейін ІІМ бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартып жатқанын жазған едік. Олардың кейбіріне айыппұл тағып, кейбірін 5-20 тәулікке қамауға алды.