Freedom Holding жалпы түсімін 40 пайызға арттырды

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
freedomholdingcorp.com, бильд-редактор: Дастан Шанай

Freedom Holding Corp. 2026 жылдың 30 маусымында аяқталған 2027 қаржы жылының І тоқсаны бойынша есеп берді. Холдингтің жалпы түсімі 40%-ға өсіп, 732,5 млн долларды құрады.

Өткен жылдың ұқсас кезеңінде бұл көрсеткіш 524 млн долларды құраған еді. Ал таза пайда 15%-ға азайып, 31,7 млн долларға дейін төмендеді.

Үш айдың ішінде холдинг активтері 13,2 млрд доллардан 14,0 млрд долларға дейін өсті. Акционерлердің меншікті капиталы 1,5 млрд долларға жетті.

Кіріс көздері қандай

Түсімнің өсуіне бірнеше бағыт әсер еткен. Пайыздық кіріс 49%-ға өсіп, 295,1 млн доллар болды. Комиссиялық кіріс 46%-ға көбейіп, 156,7 млн долларға жетті. Бағалы қағаздар операцияларынан түскен пайда 75%-ға өсіп, 79,8 млн долларды құрады. Бұл өсімге портфельді қайта бағалау және Қазақстанның мемлекеттік әрі корпоративтік облигацияларын сату ықпал етті.

Сегменттер бойынша брокерлік бизнестің түсімі 60%-ға өсіп, 282,6 млн доллар болды. Банк түсімі 54%-ға өсіп, 225,2 млн долларды құрады. Төлем сервистері, электронды коммерция, телеком және басқа да жаңа бағыттар енетін өзге де түсім екі есе артып, 73,9 млн долларға жетті. Ал сақтандыру сегментінің түсімі, керісінше, 8%-ға төмендеп, 150,9 млн доллар болды.

Валюталық операциялар бойынша нәтиже жақсарды. Өткен жылғы 12,9 млн доллар шығынның орнына бұл жолы 13,7 млн доллар пайда түсті. Бұған тенге мен еуро бағамының тұрақтылығы әсер етті.

Шығыс та артқан

Түсіммен бірге холдингтің шығыс базасы да айтарлықтай өсті. Жалпы шығыстар 476,5 млн доллардан 691,3 млн долларға дейін ұлғайды.

Пайыздық шығыстар 57%-ға өсіп, 177,6 млн долларды құрады. Бұған «Фридом Банктің» депозитарлық базасының кеңеюі әсер етті. Клиенттер алдындағы проценттік міндеттемелердің орташа көлемі бір жылда 1,4 млрд доллардан 3,0 млрд долларға дейін өсті.

Сақтандыру төлемдері мен шығындары 65 млн доллардан 131,6 млн долларға дейін көбейді. Қызметкерлерге жұмсалған шығыстар 92,5 млн доллардан 153,1 млн долларға дейін өсті.

Пайда сегменттер арасында бөлінді

Есептің басты ерекшелігі – пайданың сегменттер арасында таралуы. Брокерлік бизнес 133,6 млн доллар таза пайда тапты. Банк бағыты 3,7 млн доллар ғана пайда әкелді.

Сақтандыру саласы 19,2 млн доллар шығын көрсетті. Басқа бағыттар тағы 86,5 млн доллар шығын алып келді. Нәтижесінде брокерлік сегмент тапқан 100 млн доллардан астам пайда экожүйенің өзге бөліктерін дамытуға жұмсалды. Бүкіл топ деңгейінде таза пайда 31,7 млн доллар көлемінде қалыптасқан.

Брокерлік бағыт пайда табатын негізгі құрал болып отыр. Ал банк, сақтандыру, телеком, электронды коммерция және басқа да жаңа бағыттар көбірек шығынды талап етеді.

Клиенттер қатары артты

Холдинг компанияларының клиенттер базасы 8,7 млн-ға жетті. 2026 жылдың 31 наурызымен салыстырғанда брокерлік шоттар саны 874 мыңға (+16 мың), Freedom SuperApp қолданбасын пайдаланушылар 5,7 млн-ға (+493 мың) өсті.

Қаржылық емес компаниялардың клиенттері 1 498 мыңды (+393 мың) құрады. Серіктес компанияларды қосқанда, экожүйені клиент қатары 13,8 млн-нан асты.

Бұған дейін Freedom холдингі Bilim Group компаниясының үлесін сатып алғанын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз