Қазақстандық файтер UFC-ден қомақты бонус алды

UFC-дің ауыр салмақтағы дәрежесінде өнер көрсететін қазақстандық ММА файтері Дияр Нұрғожай өткен демалыс күндері өнер көрсеткеннен кейін бонусқа ие болды, деп жазады UFC.
29 жастағы қазақстандық Дияр Нұрғожай Невада штатында өткен UFC Fight Night 284 турнирінде сәтті өнер көрсетті. Оның қарсыласы 33 жастағы бразилиялық Бруно Лопес болды. Жекпе-жекте қазақстандық спортшы бірінші раундтың соңына қарай нокаутпен жеңіске жетті. Мұндай жарқын жеңіс UFC назарынан тыс қалмады: Дияр Нұрғожай жарқын жеңісі үшін бонус ретінде келісімшартта көрсетілген сомадан 25 мың долларға көп ақша алды.
Бұл UFC-де өнер көрсетіп жүрген Дияр Нұрғожайдың екінші жеңісі.
Қазақстандықтардың арасынан бұған дейін UFC-тен бірінші раундта америкалық Нико Прайсты нокаутқа түсірген Николай Веретенников, сондай-ақ UFC Fight Night 280 турнирінде үздік өнер көрсеткені үшін Асу Алмабаев бонус алған.