Такси жүргізушісі кішкентай балалары бар жолаушы әйелді жолда ұмытып кеткен

Оқиға Шығыс Қазақстан облысында Өскемен–Рахман қайнарлары тасжолындағы дәмханалардың бірінің маңында болған.
YK-news.kz хабарлауынша, Серебрянск қаласындағы патрульдік полиция бекетіне әйел адам жүгінген. Ол Александровка ауылында дәмханалардың бірінің жанында екі баласымен тұрғанын, такси жүргізушісінің оларды жарты жолда тастап кеткенін хабарлаған.
ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 119-патрульдік экипаждың аға лейтенанты Берік Бұқаев пен Айымбек Әбілов оқиға орнына барып, әйел мен оның балаларын тапқан.
«Анықталғандай, отбасы таксимен Катонқарағай ауданына қарай жолға шыққан. Жолда жүргізуші демалу үшін көлігін тоқтатқан. Сол кезде жолаушы әйел де балаларымен бірге көліктен түсіп, дәмханадан оларға бірдеңе сатып алмақ болған. Дәмханадан шыққан әйел көліктің кетіп қалғанын көрген», – делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, жолаушы көліктің мемлекеттік нөмірін есте сақтап қалған. Бұл полицейлерге көліктің қай бағытқа кеткенін жедел анықтауға мүмкіндік берді. Патрульдік полиция қызметкерлері оның артынан жолға шыққан.
Такси жүргізушісі де Березовка ауылына жеткенде жолаушыларды жолда қалдырып кеткенін бір-ақ біліп, кері бұрылған. Жолда полиция қызметкерлерімен кездесіп, кейін әйел мен балаларды алып кеткен. Жүргізушінің айтуынша, ол жолаушылардың да көліктен түскенін байқамай, салонда бар-жоғын тексерместен жүріп кеткен.
Ал Ақтөбеде ер адамды таксиден күштеп шығарып, жүксалғышқа салғандар ұсталды.