Қазақстандағы барлық мемлекеттік орган QazTech платформасына көшеді

Қазақстанда мемлекеттік цифрлық өнімдерді әзірлеу үдерісіне жасанды интеллект енгізіле бастады. 1 сәуірден бастап цифрлық өнімдер жасауға арналған бірыңғай орта — QazTech платформасы іске қосылған. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министр Жаслан Мадиев мәлімдеді.
Мемлекеттік органдар бірыңғай платформаға көшеді
Мадиевтің айтуынша, осы уақытқа дейін мемлекеттік органдар цифрлық жүйелерін дербес әзірлеп келген. Олар түрлі технологиялар мен деректерді қорғау тәсілдерін қолданған.
Мұндай тәсіл дайын шешімдердің қайталануына және жобалардың ұзақ уақыт әзірленуіне әкелген.
«Бұрын жүйені әзірлеуге жылдар кетсе, одан кейін қауіпсіздікті тексеруге де көп уақыт жұмсалатын. Енді жаңа сервистер бірнеше ай, тіпті бірнеше апта ішінде әзірленіп, іске қосылуы мүмкін», — деді Жаслан Мадиев.
Жасанды интеллект код жазуға көмектеседі
Жаңа жүйеде жасанды интеллект әзірлеушілердің жұмысын жеделдету үшін қолданылмақ. Атап айтқанда, ЖИ бағдарламалық кодты жылдам жазуға және қателер санын азайтуға көмектеседі.
Сонымен қатар мемлекеттік цифрлық өнімдерді әзірлеуде «вайб-кодинг» тәсілі енгізіліп жатыр. Бұл технология бағдарламалау процесін жеделдетуге бағытталған.
Қауіпсіздік те автоматтандырылады
QazTech платформасында киберқауіпсіздік талаптары жүйені әзірлеудің бастапқы кезеңінен ескерілмек.
Security by Design қағидаты қауіпсіздік талаптарын жобалау кезінде енгізуге мүмкіндік береді. Ал DevSecOps құралдары жүйенің қорғалу деңгейін әзірлеу, тестілеу және пайдалану кезеңдерінде автоматты түрде тексеріп отырады.
Инфрақұрылымның жұмысы тәулік бойы бақыланады. Осылайша, мемлекеттік органдардың цифрлық өнімдерді жеке-жеке әзірлеу тәсілінен бірыңғай ортаға көшуі көзделіп отыр.
Еске салайық, Қазақстан 01.AI компаниясымен бірлесіп мемлекеттік басқару мен макроэкономикалық болжам жасауға ЖИ өнімдерін енгізеді.