Колумбия: 7,4 балдық зілзала кезінде түсірілген видеолар желіде жарияланды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Колумбиядағы зілзала
Зілзаладан зардап шеккен Доскебрадас қаласындағы көрініс / фото: REUTERS/Juan David Duque

Латын Америкасында тағы да жойқын зілзала болды. Бұл жолы Колумбияда қуаты 7,4 балдық жер сілкінісі тіркелді. 10 тамыздағы табиғат апаты кезінде түсірілген суреттер мен видеолар әлеуметтік желілерде таралды.

Дүмпу жергілікті уақытпен таңғы сағат 07:34-те болды. Жердің қатты сілкінгені сонша, ондаған ғимарат санаулы секундтарда қирады. Оны әлеуметтік желілерде таралған видеолардан да көруге болады.

Тағы бір видеодан бірнеше қабатты ғимараттың қас-қағым сәтте опырылып түскені көрсетілген. Ол – Валье университеттік ауруханасы.

Колумбияда зілзаладан Кали, Манисалес, Перейра, Кибдо қалалары қатты зардап шекті. Қазірдің өзінде ондаған адам қаза тапқаны, жүздеген адам іс-түссіз жоғалғаны мәлім.

Перейра қаласында түсірілген тағы бір видеодан зілзала кезінде бір топ адамның көшенің қақ ортасында бір-біріне сүйеніп тұрғанын көруге болады. Өйткені жер сілкінген уақытта адамның екі аяқпен тұруының өзі қиынға түскен.

Жер асты дүмпуі мен тербелісі шамамен 2 минутқа созылды. Соның өзі Оңтүстік Америкадағы осы елге үлкен соққы боп тиді. Құтқару жұмыстары жүріп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 24 маусымда Венесуэлада қатарынан екі жойқын жер сілкінісі болған. Оның бірінің қуаты 7,2 балл, ал екіншісі 7,5 балл болған. Зілзаладан мыңдаған адам қаза тапқан.

Сондай-ақ оқыңыз