Дастан Сәтбаевтың жаңа клубы белгілі болды: инсайдер басты үміткерді атады

Scout in Eurasia «Челси» мен Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтбаевтың мансабына қатысты жаңа эксклюзивті мәлімет бөлісті.
Дереккөздің хабарлауынша, бұған дейін БАҚ беттерінде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды:
«Эксклюзив: Өкінішке орай, «Халл Сити» Дастан Сәтбаевқа қызығушылық танытып жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі уақытта оны жалға алу бойынша жарыста француздық «Страсбур» клубы көш бастап тұр», – деп жазады инсайдер.
Өткен аптада қазақстандық футболшы «Челсидің» негізгі құрамымен бірге Австралия мен Азиядағы маусымаралық оқу-жаттығу жиынын аяқтады. Дастан бірнеше жолдастық кездесуге қатысып, клуб сапындағы алғашқы дебюттік голын да соғып үлгерді.
Сәтбаевтың «Челсимен» ресми келісімшарты 12 тамыз күні – футболшының кәмелетке толған күні күшіне енеді.
Бұған дейін кейбір дереккөздер Дастанның Ағылшын Премьер-лигасына қайта оралған «Халл Сити» клубына жалға берілуі мүмкін екенін жазған болатын. Алайда, соңғы мәліметтер оның Франция чемпионатында (Лига 1) бағын сынау ықтималдығы жоғары екенін көрсетеді.
Неге «Страсбур»?
Айта кетейік, «Челси» мен «Страсбур» BlueCo атты холдиндке кіреді. 2022 жылы америкалық миллиардер Тодд Боэли және «Clearlake Capital» қоры лондондық «Челсиді» сатып алғаннан кейін, BlueCo холдингін құрды. Ал 2023 жылдың жазында компания француздық «Страсбур» клубының акцияларының бақылау пакетін (100%) сатып алды.
«Челси» – жүйенің басты, флагмандық клубы. Ал «Страсбур» – дарынды жас футболшыларды дамытатын, жоғары деңгейдегі (Францияның Лига 1 чемпионатында) практика беретін серіктес клуб.
Сәтбаевтың «Страсбурға» жалға берілу ықтималдығының жоғары болуының басты себебі де осында. Екі клубтың да қожайындары, спорттық директорлары мен скауттық желiсi бiр. Сондықтан ойыншыны бір клубтан екіншісіне жалға беру келіссөздері өте жылдам әрі кедергісіз жүреді.
«Челси» өзінің жас таланттарын бөтен клубқа бергенше, өз бақылауындағы «Страсбурға» жіберуді жөн көреді. Онда ойыншының жаттығу процесін, жүктемесін және ойын уақытын «Челси» мамандары тікелей қадағалап отырады.
«Страсбур» Францияның үздік дивизионында өнер көрсетеді. Бұл Дастан үшін Еуропаның топ-5 лигасының бірінде шыңдалып, «Челсидің» негізгі құрамына дайын болып оралуына таптырмас мүмкіндік.