Ақтөбе облысында 400-ге жуық педагог жетіспейді

Ақтөбе облысының мектептерінде 396 педагог жетіспейді. Мұндай қажеттілік барлық аудандарда және Ақтөбе қаласында бар.
Бұл туралы білім беру ұйымдарының жаңа 2026–2027 оқу жылына дайындығы талқыланған облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева мәлімдеді.
«Биыл жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарын 1 362 түлек, колледждерді 605 түлек бітірді. Олардың ішінде 31 түлек грант бойынша білім алған – олар математика, физика, химия және бастауыш сынып мұғалімдері. Олар облыс мектептеріне жұмысқа орналасады», – деді Бұлбұл Күзембаева.
Оның айтуынша, жаңа оқу жылында облыс мектептерінде 194 мыңнан астам оқушы білім алады. Бірінші сыныпқа 20 234 баланы қабылдау жоспарланып отыр. Бүгінде 17 413 бала құжат тапсырған. Құжаттарды қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады.
Айта кететін жайт, педагогтердің білімін бағалау тестеріне өтініш қабылдау басталды.