Қазақстанда әуе билеттерінің бағасы тағы қымбаттады

Қазақстанда әуе арқылы жолаушылар тасымалдау қызметінің бағасы қайта көтерілді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, шілде айында авиабилеттер бір ай ішінде орта есеппен 3,2%-ға қымбаттаған. Жылдық баға өсімі де жеделдеп, 10,8%-ды құрады
Ranking.kz дерегінше, ұшу құнының қымбаттауына бірден бірнеше фактор әсер етіп отыр. Мысалы, демалыс маусымының шарықтау шегінде халықаралық әуежайларда авиакеросин бағасының өсуі басты себеп болды.
Шілдеде әуе жолаушылар тасымалы қызметінің бағасы маусыммен салыстырғанда 3,2%-ға өсті. Бірақ, бұл жыл басынан бері тіркелген алғашқы өсім емес.
Ақпан айынан бастап әуе тасымалы қызметінің айлық тұтыну бағасының индексі 100%-дан жоғары болып келді, ал бұл бағаның ай сайын өсіп отырғанын білдіреді. Бағаның айтарлықтай өсімі наурыз бен сәуір айларында байқалды. Ол кезде тұтыну бағасының индексі тиісінше 106,6% және 105,4%-ды құрады.
Көктемнің соңы мен жаздың басында баға өсуін жалғастырғанымен, өсім қарқыны салыстырмалы түрде бәсеңдеді.