Науаи билігі фотоесептің ЖИ арқылы жасалғанын мойындады

Өзбекстанның Науаи қаласында жүргізілген абаттандыру жұмыстары туралы әлеуметтік желіде жарияланған фотоматериал дау тудырды.
«Хаёт» махалласындағы жұмыс нәтижесі жасанды интеллект көмегімен өңделгені айтылды.
Жергілікті билік материалдардың тиісті тексерусіз жарияланғанын мойындап, тұрғындардан кешірім сұрады.
Ресми мәлімдемеге сәйкес, әлеуметтік желілерге арналған материалдарды дайындау кезінде махаллада болған нақты өзгерістерді көрнекі көрсету мақсатында дизайнға жасанды интеллект элементтері енгізілген. Алайда дайын материалдар жарияланар алдында тиісті тексеруден өтпеген.
«Бұл жағдайға және қоғам тарапынан айтылған орынды сын-пікірлерге байланысты азаматтарымыз бен әлеуметтік желідегі оқырмандарымыздан кешірім сұраймыз», – делінген мәлімдемеде.
Материалдарды дайындауға жауапты қызметкерлерге ескерту жасалған.
Сонымен бірге Науаи билігі «Хаёт» махалласында абаттандыру бойынша нақты жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Алайда ресми хабарламада олардың нақты тізімі әзірге көрсетілмеген. Билік бұл мәліметтерді нақтылағаннан кейін ұсынбақ.
Айта кететін жайт, Жақында ғана тордан босатылған Үміт атты жолбарыстың ауыл маңында жүрген суреті фейк болып шықты. Желіде жарияланған сурет жасанды интеллект көмегімен жасалған болуы мүмкін.