Haval-дың жаңа H7 кроссовері Қазақстанда құрастырылады

Қытайлық Haval Raptor кроссовері Қазақстанда көлік құралының типін мақұлдау құжатын алды. Бұл туралы «ҚазСтандарттың» ашық тізіліміндегі ақпараттан белгілі болды. Модельді Қазақстан нарығында ресми түрде сатуға әзірлік жүріп жатыр, ал көлік AMMKZ зауытында шығарылады.
Raptor Қазақстанда Haval H7 атауымен шығады
Құжаттарға сәйкес, Қазақстанда көлік Қытайдағы Raptor атауымен емес, Haval H7 деген атаумен сатылмақ. Бастапқыда модель Haval V7 ретінде таныстырылған еді. Алайда кейін оны H-сериясына жатқызу туралы шешім қабылданған.
Қазақстандағы H7-ні Ресейдегі аттас кроссовермен шатастырмаған жөн. Ресейде бұл атаумен басқа көлік – Dargo Plus моделі белгілі. Қазақстанда сатылатын Raptor мен Ресейдегі H7-ні тек GWM концернінің Lemon модульдік платформасы байланыстырады.
Алдыңғы және толық жетекті нұсқалары болады
Қазақстан үшін кроссовердің алдыңғы және толық жетекті нұсқалары сертификатталған. Көліктің капотының астында қуаты 231 ат күшіне, ал айналу моменті 380 Нм-ге жететін 2 литрлік GW4N20A турбо қозғалтқышы орналасқан.
Қозғалтқыш АИ-92 бензиніне бейімделген және 9 сатылы роботты беріліс қорабымен жұптастырылған.
Кроссовердің өлшемдері – 4680×1950×1843 мм, ал доңғалақ базасы – 2738 мм. Артқы есіктегі қосалқы дөңгелекті қоса есептегенде көліктің ұзындығы 4800 мм-ге жетеді.
Қазақстанда құрастырылады
Haval Raptor кроссоверін Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (AMMKZ) мультибрендті зауытында шығару жоспарланып отыр. Көлік құралының типін мақұлдау құжаты 2029 жылғы 10 тамызға дейін жарамды.
Көліктің салонында екі қатар орындық бар. Ол 12,3 дюймдік цифрлық аспаптар панелі және 14,6 дюймдік орталық дисплеймен жабдықталған. Сондай-ақ модельде адаптивті круиз-бақылау, жолақта ұстап тұру жүйесі, автоматты түрде шұғыл тежеу, жан-жақты шолу камерасы және тұраққа қоюға көмектесетін жүйе қарастырылған.
Дистрибьютор әзірге көліктің бағасы мен сатылым басталатын уақытын жариялаған жоқ. Haval H7 модельдер қатарында Haval H6-дан жоғары деңгейде орналасады деп күтіледі. Қазір Қазақстанда H6 кроссоверінің бағасы арнайы ұсыныстарды есептемегенде 12,4 млн теңгеден басталады.
Еске салсақ, осыған дейін Haval қиғаш бағытта да қозғала алатын жаңа H10 кроссоверінің сатылымын бастаған болатын.