Павел Дуров Telegram-ға программист қызметіне неге әйелдерді алмайды

Жарияланды
Павел Дуров / Фото: Reuters, Albert Gea, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Күні кеше Астанада аяқталған IOAI-2026 жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиаданың жеңімпаздарын Telegram-ның негізін қалаған Павел Дуровтың өзі құттықтап, бірінші орын алған Ресей, екінші орын алған Қазақстан құрамаларына Telegram атынан 106 500 мың доллар сыйақы беретінін хабарлады.

Дуровтың IT, программалау саласындағы үздік мамандардың басын қосатын жарыстарда топ жарғандарға жіті көңіл бөліп, қолдап, демеп отырғаны бекер емес. Осындай байқаулардың жеңімпаздарын Telegram басшысы жұмысқа да шақырып жатады. Оның қарамағындағы программистер ұжымы, шынымен, әлемде код жазатын ең үздік мамандардан жасақталған.

Кілең еркек, әйел жоқ

Бір гәп бар: Дуров жұмысқа тартатын программистер арасында әйелдер жоқ. Технологиялық прогрестің алдыңғы шебінде келе жатқан қайраткердің маман таңдауға келгенде, әйелді осы саладағы жұмысқа жарамсыз көретін байырғы стереотиптерден арылмағанына назар аударған зерттеушілердің бірі – Николай Кононов. Кононовтың былтыр The Populist. The Untold Story of Pavel Durov and Telegram («Популист: Павел Дуров және Telegram желісінің жұрт білмейтін сыры») атты кітабы жарық көрген. Автор Дуровтың әйелдерді жұмысқа алмайтынына да жеке тоқталған.

telegram, pavel durov
Дуров Көлсайда / Kursiv.media коллажы, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

«Дуров құрған ұйым әйел біткенді жаратпайды. Telegram-дағы программистер қатарында әлі күнге дейін бірде-бір әйел жоқ. Бұл – сол баяғы ВК заманындағыдай, кілең еркектерден тұратын ұжым. Мен Дуровтан неге солай деп сұрағанымда, ол программистерді оркестрге музыкант іріктегендегідей арнаулы байқау ұйымдастырып, үміткердің кім екеніне қарап емес, сынақ қорытындыларына қарап алатынын айтқан. Сол кезде жымиып тұрып: «Еркектер күрделі мәселелерді шешкенге, ал әйелдер тіл табысып, қатынас құруға бейім», – дегені бар», – дейді Кононов.

Басшының сол сөзінен Telegram-да күрделі код жазатын әйел мамандардың жоқтығы кездейсоқ жайт емес екенін аңғарасыз. Кононовтың тағы бір естелігі:

«Осыдан он екі жыл бұрынғы екеуара әңгімеде, бертінде сөйлескенде де, Дуровтың бірнеше қайтара: «Біз маймылмыз», – деп айтқаны бар. Еркектер жүрген ортада биологиялық факторларды елемеуге болмайды. Оның философиясына сай, әйелдердің табиғи миссиясы – өмірге ұрпақ әкелу. Олар еркектерге қарағанда әлдеқайда сезімтал, эмоцияға бейім әрі бауырмал. Ал еркектер көбіне ғылыми проблемаларды шешуге бейім келеді».

Автор мұның бәрі – жаратылыстану және қоғамдық ғылымдар әлдеқашан жоққа шығарған кертартпа пайымдар екенін баса айтады. Бірақ қазіргі заманғы социология, психология және басқа да қоғамдық ғылымдардың жетістіктеріне күдікпен қарайтындар жоқ емес. Кононовтың сөзінше, өкінішке қарай, солардың ішінде айтишник-стартапер жігіттер баршылық.

Сондай-ақ оқыңыз