
Біздің заманның ең көрнекті әртістерінің қатарына кірген, кейінгі кезде еврейлерді ғайбаттап, Гитлерді мадақтап, содан басы дауға қалған әйгілі америкалық рэпер Канье Уэсттің (қазіргі аты – Ye) өзін сүйіп тыңдайтын аудиториясы алдындағы абыройына дақ түскеніне таңғалмаймыз. Оған Батыстың бірқатар еліне кіруге тыйым салынған, ұйымдастырушылар концерттерін өткізуден бас тартқан кездер де болған. Батыс жақта мүмкіндік азайған сияқты, есесіне біз жақта шектеу бары білінбейді: бұйырса, ол жақында Алматы төрінде ән салады.
Елдегі жанкүйерлері мен тыңдармандары өз алдына, бұлардан бөлек, Канье Уэстті Қазақстанмен «байланыстырып тұрған» бір айтулы тұлға, дәлірек айтсақ, соның қаламынан туған әдеби шығарма бар, сенесіз бе? Сол қаламгер – халық жазушысы Төлен Әбдік, ал әдеби туындысы – «Парасат майданы» повесі.
Жазушы повестің бас кейіпкері – психикасы бұзылған адамның халін суреттеп берген:
«…Тұлғаның екіге жарылуы… Яғни бір адам бойында екінші тұлғаның пайда болуы. Мәселен, біреу – жақсы отағасы, ұқыпты қызметкер, ал түнгі сағат 12-ден әрі қауіпті қылмыскер… Яғни адам ішінде мінезі бөлек, дүниеге көзқарасы бөлек екінші тұлғаның пайда болуы – бұл адам психикасындағы патология».
Автордың «тұлғаның екіге жарылуы» деп қазақшалап сипаттап бергені – «биполярлық ауытқу» деген диагноз. Уэстке оның не қатысы бар? Әртіске сенсек, ол да осы дертке шалдыққан екен.

Жыл басында Канье Уэст The Wall Street Journal басылымының тұтас бір бетіне ақы төлеп, көпшіліктен кешірім өтінген хатын жариялаған. Әнші бұл үндеуінде бұрын айтқан антисемиттік пікірлері үшін кешірім сұрап, өзінің нацист емес екенін жеткізген. Елді елең еткізген өшпенді сөз айтып, теріс қылық танытқаны – психикасының сыр бергенінен, 2016 жылы оған биполярлық ауытқу диагнозы қойылған-ды.
«Бұрын не істеп, не қойғанымды білмеймін», – деген ол мәлімдемесінде.
Уэсттің жұртшылыққа ағынан жарылып, шынымен өкініп отырғанына күмәнданғандар аз болмады. Расымен, өзгелерге тіл тигізген, оғаш әрекет жасағаны бір рет емес, бірнеше жыл бойы жүйелі түрде көрініс тапқан жайттарды реті келгенде медициналық себептерге сілтеп, жылы жаба салған жарамас дегендердің дәйектері назар аударуға тұрарлық.
Мамандар биполярлық ауытқуы бар не миы жарақат алған адамдардың басым көпшілігі Гитлерді дәріптемейтінін, нацистік рәміздерді қолданбайтынын әрі еврейлерді қаралайтын конспирологиялық теорияларды насихаттамайтынын алға тартты.
Әншінің газет бетінде жарияланған ашық хатын – жаңа альбомы шығар алдында әдейі жасап отырған қадамы деп те топшылағандар табылды.
Оқи отырыңыз: Канье Уэсттің концерті: жол жабылып, автобустардың бағыты өзгереді.