Колумбия: зілзаладан қайтыс болғандар саны 250 адамнан асты

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Колумбиядағы зілзала салдары
Кали қаласында зілзаладан қираған ғимарат / фото: REUTERS/Raquel Cunha

Колумбияда қуаты 7,4 балдық зілзаладан кем дегенде 250 адам қайтыс болды. Латын Америкасындағы осы елде шамамен екі күнге жуық уақыттан бері құтқару жұмыстары жүріп жатыр.

Дүйсенбідегі зілзаладан Колумбияның негізінен батыс өңірлері қатты зардап шекті. Құтқарушылар үйінді астындағы адамдардың даусын есту үшін қатты шуламауды сұрады. Көп қабатты үйлердің, мектептер мен аурухана ғимараттарының қабырғалары сөгілген, қисайған немесе толық қираған.

Reuters таратқан мәліметке қарағанда, елде зілзаладан қаза тапқандар саны 254-ке жетті. Олардың 101-і Перейра, 95-і Кали тұрғындары.

Елдімекендердің кейбірі әлі жарықсыз отыр. Мұндай жағдай құтқару жұмыстарына да кесірін тигізді.

Жер сілкінісінен бірнеше күн бұрын ғана жаңа президент Абелардо де ла Эсприэльяны ұлықтау салтанаты өткен. Ол зілзаладан зардап шеккен аудандарды аралап, үйсіз қалған адамдарға көмектесетінін айтты. Жаңадан жасақталған үкімет ел бюджетін қайта қарағалы жатыр.

Кали қаласы билігінің хабарлауынша, мәйітханалар толып қалды. Шаһарда комендант сағаты енгізілді.

Естеріңізге сала кетейік, 10 тамызда жергілікті уақытпен таңғы сағат 07:34-те Колумбияда жойқын жер сілкінісі болды. Зілзала қуаты – 7,4 балл. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Колумбия президентіне көңіл айтты.

Сондай-ақ оқыңыз