Changan Қазақстанда жақсы сатылатын CS55 Plus кроссоверінің гибрид түрін шығарды

Changan CS55 Plus HEV кроссовері Қытайда 18 тамызда сатылымға шығады.
Сarnewschina ақпаратына қарағанда, оның қозғалтқышының жылулық тиімділігі 44,28%-ға жетеді.
Жаңа модель несімен ерекше
Changan компаниясы BlueCore күштік қондырғысы негізінде жаңартылған және гибридті нұсқамен толықтырылған жаңа CS55 Plus моделін таныстырды. Оның көлемі 1,5 литрлік турбокомпрессорлы бензин қозғалтқышы 500 бар қысыммен тікелей отын бүрку жүйесін пайдаланады және ең жоғары жылулық тиімділігі 44,28%-ға жетеді.
Changan әзірге бағасын жариялаған жоқ. Қазіргі уақытта CS55 Plus-тың іштен жану қозғалтқышы бар нұсқалары Қытай нарығында 13 800-ден 16 300 долларға дейін сатылып жатыр.
Қаптама астында не өзгерді?
Жаңартылған CS55 Plus-тағы ең маңызды өзгеріс – Changan BlueCore гибридті күштік қондырғысының қосылуы. Автокөлік өндірушінің мәлімдеуінше, HEV технологиясы қала жағдайында отын шығынын 100 шақырымға 3 литрге дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Changan 500 бар қысымдағы «аса жоғары қысымды» тікелей отын бүрку жүйесін қозғалтқыштың іштен жану процесіндегі ең жоғары жылулық тиімділігін 44,28%-ға жеткізген «әлемдегі алғашқы» технология деп атаған болатын. Алайда орташа жылулық тиімділік төменірек – 40,9%.
Шу, діріл азайған
Көлемі 1,5 литрлік турбокомпрессорлы қозғалтқыштың қуаты 110 кВт (148 а.к.). Оның сығу дәрежесі – 16:1, ал пайдаланылған газдарды қайта айналдыру деңгейі 30% болады. Changan бұл өзгерістер мен оңтайландырулар шу, діріл және қаттылық деңгейін (NVH) төмендетуге көмектесетінін мәлімдейді.
Гибридті жүйенің электрлік бөлігінде Sunwoda компаниясы шығарған сыйымдылығы 1,7 кВт·сағ үштік литий-ионды аккумулятор қолданылады. Ол 50C деңгейіндегі разрядқа төтеп бере алады. Батарея алдыңғы бөлікте орналасқан қуаты 180 кВт (241 а.к.) электр қозғалтқышын қоректендіреді. Оның номиналды электрлік тиімділігі – 98,1%.
Жаңа дөңгелектер
Changan CS55 Plus HEV үшін отын шығыны туралы нақты деректерді әлі жариялаған жоқ. Алайда дәл осы жүйе орташа өлшемді CS75 Plus кроссоверіне қалалық циклде 100 шақырымға 3,54 литр, ал аралас циклде 4,67 литр (50,4 mpg) отын жұмсауға мүмкіндік береді.
Жаңартылған CS55 Plus-тың алдыңғы бөлігі де өзгерген. Іштен жану қозғалтқышы бар нұсқалардағы алтыбұрышты радиатор торының орнына қабырғалары бар V-тәрізді тор орнатылған. Сонымен қатар кроссовер жаңа дөңгелектерге ие болды. Олардың жабық шабақтары ауа кедергісін азайтып, аэродинамикалық тұрғыдан оңтайландырылған.
Артқы бөлігі көп өзгермеген
CS55 Plus-тың артқы бөлігі негізінен өзгеріссіз қалған. Бұған дейін іштен жану қозғалтқышы бар нұсқаларда қолданылған «Plus» жазуының орнына көліктің жаңа гибридті мәртебесін білдіретін көк түсті «HEV» жазуы пайда болды.
Өздігінен қуатталатын гибрид болғандықтан, кроссоверде бөлек зарядтау порты жоқ. Артқы сол жақ бөлігінде тек жанармай құюға арналған бір қақпақ орналасқан.
Айта кететін жайт, Қазақстандағы ең көп таралған 15 брендтің қатарында Қытайдың тек Changan маркасы ғана бар. Елде бұл брендтің 92 441 көлігі тіркелген еді.