Украина Қара теңізде қазақ мұнайы тиелген танкерлерді атқылауды доғарды

Украина Қара теңіздегі мұнай танкерлерін дрондармен атқылауды уақытша тоқтатты. АҚШ осындай өтініш жасаған. Бұл туралы Financial Times газеті жазды.
Басылым мәліметінше, Ресейдің Қара теңіздегі Новороссийск портына қатынайтын мұнай танкерлерін шабуылдауды доғару туралы өтінішті АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс жасаған. FT мұндай мәліметті сәрсенбі күні украин шенеуніктерінің сөздеріне сүйене отырып таратты.
Вашингтон Украина әрекетінің мұнай нарығына кері әсер еткеніне, америкалық компанияларды шығынға ұшыратқанына алаңдаған. Өйткені украин дрондары бұған дейін Каспий құбыр консорциумы терминалына жеткізілген қазақ мұнайын тасыған танкерлерді бірнеше мәрте атқылаған.
Украина КТК инфрақұрылымына немесе Ресейге тиесілі емес кемелерге соққа жасамауға келіскен. Дегенмен танкерлер украин санкциясына ілігіп, Ресей мұнайы немесе жүгін тасып жүрсе, Киев оларға шабуылдаудан бас тартпайды.
Reuters-тің төрт дереккөзінің айтуынша, шілде айында дрондардың Қара теңізге шабуылдарынан КТК мұнай тасымалының бестен бірі жүзеге аспай қалған. Ресей мен Украина арасындағы соғыс Қазақстан мен Батыс елдерінің ірі мұнай алыптарының саудасына да әсер еткен.
Қазақстанда өндірілген мұнайдың 80%-ы дәл осы КТК арқылы экспортталады.