Туристер үш қар барысымен бетпе-бет кездесіп қалды (видео)

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Таудағы қар барысы
Экологтар қар барысына жақындамауға, қумауға кеңес береді / фото: видеокадр, ЖИ-мен өңделген

Тауға шыққан туристер тобы бірнеше қар барысымен бетпе-бет ұшырасты. Гид жыртқыштарды видеоға түсірсе, барыстар да адамдарды байқады.

«Қазақ орманы» мекемесінің мәліметінше, оқиға ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың бірінде болған.

«Сирек жыртқышты таулы бағыттан қайтып келе жатқан туристік топтың гиді байқап қалған. Ерекше сәт бейнекамераға түсірілді», – деп таратты экологтар.

Видео авторы қар барысын өз көзімен көргеніне тамсанып, олардың бірнешеу екенін айтқан.

«Мәссаған! Қар барысы! Үшеуі жүр ғой деймін», – дейді таңданысын жасыра алмаған гид.

Қазақстан қар барысын Қызыл кітапқа енгізіп, сирек жануарды мемлекет қорғауына алған. Экологтар жыртқыштың табиғи мекен ету ортасында кездесуі таулы экожүйенің сақталғанын және табиғи ортаның тұрақтылығын көрсететін маңызды белгі деп есептейді.

«Қазақ орманы» жабайы жануарды кездестірген жағдайда оған жақындамау, соңынан қумау, шу шығармау және қауіпсіз арақашықтықты сақтау қажет екенін ескертті.

Естеріңізге сала кетейік, шілде айында Шарында сүзіскен екі қарақұйрық экологтар назарына іліккен еді.

Тақырыпқа орай: Қарағайға қасынған қоңыр аюдың бейқам тіршілігі экологтарды сүйсіндірді (видео)

Сондай-ақ оқыңыз