Баға 10,8%-ға өсті: Қазақстанда ұшақпен ұшу қымбаттап барады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: shutterstock

Қазақстанда әуе билеттерінің бағасы бір жылда 10,8%-ға өсті. Шілдеде әуе жолаушылар тасымалы қызметтерінің тұтыну бағалары индексі өткен жылдың осы айымен салыстырғанда 110,8%-ды құрады. Маусымда жылдық өсім 8,8% болған еді. Бұл туралы Ranking.kz зерттеуінде айтылды.

Баға тек жылдық есепте емес, ай сайын да өсіп отыр. Шілдеде әуе тасымалы қызметтері маусыммен салыстырғанда 3,2%-ға қымбаттаған.

Баға неге өсіп жатыр

Сарапшылар әуе тасымалы құнының өсуіне бірнеше фактор әсер еткенін атап өтті. Олардың қатарында демалыс маусымындағы сұраныстың артуына байланысты әуе керосинінің қымбаттауы және әуе компанияларының ұшақтарға техникалық қызмет көрсету шығындарының өсуі бар.

Сонымен қатар қазіргі өсім 2025 жылдың соңы мен 2026 жылдың басындағы деңгейден төмен. Ол кезде әуе тасымалы қызметтерінің жылдық баға индексі 130-139%-ға дейін жеткен.

Билеттер қымбаттаса да, жолаушылар көбейген

Әуе билеттерінің қымбаттауына қарамастан, Қазақстанда әуе көлігімен сапарлайтындар саны артып келеді.

2026 жылдың қаңтар-маусым айларында қазақстандық әуе компаниялары 7,4 млн жолаушы тасымалдаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6%-ға көп. Ал жолаушылар айналымы 7,9%-ға өсіп, 15,3 млрд жолаушы-шақырымға жеткен.

Әуе көлігі саласының кірісі де өсіп отыр. 2026 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш 15,9%-ға артқан.

Негізгі табыс халықаралық рейстерден түседі

Әуекомпаниялар кірісінің басым бөлігі жолаушылар тасымалынан түседі, оның үлесі 97,5%.

2025 жылы жолаушылар тасымалынан түскен жалпы табыс 959,9 млрд теңгені құрады. Оның 60,3%-ы немесе 578,9 млрд теңгесі халықаралық рейстерден түскен.

Сонымен бірге компаниялардың шығындары да артып жатыр. Мысалы, елдегі ең ірі әуе тасымалдаушы Air Astana 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында 371,2 млрд теңге кіріс алғанымен, 10,4 млрд теңге шығынға ұшыраған.

Сондай-ақ оқыңыз