Колумбия шетелге кофе сатуды тоқтатты

Колумбияда болған жер сілкінісі елдің кофе нарығына ауыр соққы болды. Тіпті Колумбия сыртқы нарыққа өнім шығару жұмыстарын іс жүзінде толық тоқтатты.
Осы уақытқа дейін әлемдік нарықта кофе бағасы 4 пайыздан астамға арзандаған еді. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Колумбияда болған зілзала кофе бағасының құнын күрт өзгертті.
Кофе экспортын тоқтатудың басты себебі – елдің негізгі кофе порты Буэнавентураға апаратын жолдардың бұзылуы. Сонымен қатар зілзала кофе өндірісінің төрттен бірі тиесілі Кальдас және Рисаральда аймақтарына айтарлықтай зақым келтірді, ал өңдеу кәсіпорындары электр жарығы мен байланыс жүйесінің үзілуіне байланысты үлкен қиындықтарға тап болды.
Колумбия – Бразилия мен Вьетнамнан кейінгі әлемдегі үшінші үлкен кофе экспорттаушы ел. Ондағы осындай төтенше жағдайлар мен көлік қатынасының үзілуі жаһандық нарықтағы бағаға тікелей әсер етеді.
Естеріңізге сала кетейік, 10 тамызда жергілікті уақытпен таңғы сағат 07:34-те Колумбияда жойқын жер сілкінісі болды. Бүгінде зілзаладан қайтыс болғандар саны 250 адамнан асты.