Қарағандыдағы Топар электр станциясына 8 млн теңге айыппұл салынды

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
фото: gres1.k

Қарағанды облысындағы Топар мемлекеттік аудандық электр станциясы экологиялық талаптарды бұзған. Кәсіпорынға 8 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Қарағанды облысының Экология департаменті «Топар ГРЭС» ЖШС-не жоспарлы тексеру жүргізді.

Тексеру барысында сарқынды сулардағы мұнай өнімдерінің мөлшері нормадан асқаны анықталды. Атап айтқанда, рұқсат етілген шекті мөлшер 0,054 мг/дм³ болса, нақты көрсеткіш 0,169 мг/дм³ болып шыққан.

Сонымен қатар мамандар қалдықтарды жинақтау және сақтау кезінде де бірқатар заңбұзушылықты тіркеді. Атап айтқанда, пайдаланылған майларға арналған ыдыстардың герметикалық еместігі, майлы сұйықтықтардың төгілуі, әртүрлі қалдық түрлерін бірге жинақтау және оларды арнайы белгіленбеген орындарға орналастыру деректері анықталды.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға анықталған кемшіліктерді жою туралы міндетті нұсқамалар берілді. Сонымен бірге тексеру нәтижесінде салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 8 021 492 теңгені құрады.

Кеше ғана Балқаш мыс балқыту зауытында ауаны қорғау талаптарына қатысты тексеріс жүргізілген еді. Нәтижесінде ауаны ластайтын шығарындылардың мөлшерден көбейіп кеткені анықталып, кәсіпорынға 6 363 805 теңге айыппұл салынды.

Сондай-ақ оқыңыз