«Павлодар біздікі» деген ресейлік стримерге елге кіруге тыйым салынды

Астанада Fasoollka лақап атымен танымал шетелдік стример қыз тікелей эфирде айтқан арандатушылық сөздері үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы Астана полиция департаменті хабарлады.
Тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде оның эфирлерінің жазбаларын тауып алған. Трансляция кезінде стример Қазақстан тұтастығы туралы сөз қозғап, ел азаматтарына, мәдениеті мен салтына құрметсіздік танытқан. Дегенмен өзі жақында ғана Ресейден көшіп келген.
«Қазақстанға таңғалдым, өркениет бар екен ғой… Павлодар біздікі емес пе?», – дейді ол стримдердің бірінде.
Желі қолданушылары блогерлерді жауапқа тартуды талап етіп, әсіресе Fasoollka-ның Павлодар қаласының қай елге тиесілі екені туралы айтқан арандатушылық сөздеріне наразылық білдірген.
«Сот шешімімен шетелдік азаматшаға әкімшілік айыппұл салынды. Заңға сәйкес оның елден шығарылуы қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ оған Қазақстанға кіруге 5 жылға шектеу қойылады», – деп хабарлады Астана полициясы.
Полиция өкілдері шетелдік азаматтар Қазақстанда болған кезінде ел заңдары мен әдеп нормаларын қатаң сақтауға тиіс екенін ескертті.
Оқи отырыңыз: «Золотая женщина» лақап атымен танылған блогер психикалық орталыққа жатқызылды