Қазақстанда жүргізушісіз көліктер 60 млн теңгеге сақтандырылады

Қазақстанда жүргізушісіз көліктерді сынақтан өткізу кезінде әр көлікке 60 млн теңгеге дейінгі қосымша сақтандыру рәсімдеу міндеттелді. Бұл талап жолаушылар мен багаж тасымалдайтын автокөліктерге қатысты деп хабарлайды Kursiv.Media Inbusiness.kz басылымына сілтеме жасап.
Сақтандыру әр көлікке жеке рәсімделуі керек. Сақтандыру үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірілген зиянды өтеуді қамтиды. Ол көлік иелерінің міндетті азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру полисіне қосымша рәсімделеді.
Компания мұндай сақтандыру шартын жолаушылар мен багажды тасымалдауды бастамас бұрын рәсімдеуі тиіс.
Айта кететін жәйт 60 млн теңге – сақтандыру полисінің құны емес, сақтандыру төлемінің шекті мөлшері екенін атап өткен жөн.
Пилоттық жоба үш жылға есептелген. Жүргізушісіз көліктер Астана, Алматы және Қосшы қалаларында арнайы полигондарда, сондай-ақ келісілген жалпыға ортақ жол учаскелерінде сынақтан өтеді.
Жобаға Қазақстанда тіркелген және жүргізушісіз көліктердің иесі болып табылатын заңды тұлғалар ғана қатыса алады. Автокөліктер белгіленген талаптарға сай болып, алдын ала полигонда сынақтан өтуі қажет.