Жапаров: Ташиев 2027 жылы Қырғызстан президенті бола алар еді

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Қамшыбек Ташиев 2027 жылы Қырғызстан президенті болуы мүмкін еді
Қамшыбек Ташиев 2027 жылы Қырғызстан президенті болуы мүмкін еді / фото: facebook.com/tasiev.kamcybek

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров журналист Али Тоқтақұновқа берген сұхбатында сотталған ҰҚК бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиевпен қазіргі қарым-қатынасы туралы айтып берді. Оның айтуынша, олар 20 жылдан астам уақыт бері дос, деп хабарлайды Kursiv.Media.

«2020 жылы бостандыққа шығып, президент болғанымда, оны ҰҚК төрағасы етіп тағайындадым. Иә, ол бес жыл бойы жақсы жұмыс істеді. Бірақ бір кемшілігі – ол өз достары мен сыныптастарын қадағалай алмады. Содан қызметтен кетті. Әрине, кемшіліксіз адам болмайды. Ал жұмыс істеген адамда кемшілік міндетті түрде болады. Ол менің досым болып қала береді, бірақ оны қандай да бір қызметке тағайындау жоспарымда жоқ», – деді Қырғызстан президенті.

Жапаровтың сөзінше, президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін ол демалысқа шығуды жоспарлаған. Ал 2027 жылғы сайлауға Камшыбек Ташиев қатыса алуы мүмкін еді.

«Мен 2027 жылы алты жылдық президенттік мерзімім аяқталғаннан кейін, егер Қамшы дайын болса, 2027 жылғы қайта сайлауға түспеймін деп ойладым. Қамшы президент болар еді, ал мен демалысқа кетер едім. Менің осындай жоспарым болған. Мұны оған сайлаудан бір жыл бұрын өзім де айтқанмын», – деді Қырғызстан басшысы.

Жапаров Ташиевтің еңбегін жоққа шығармайтынын атап өтті.

«Ол демалуы керек, бәлкім, қай жерде қате жібергенін талдап, түсінуі тиіс. Ол тек қателіктер жасады деуден аулақпын. Жоқ, нәтижелер де бар, еліміздің жетістіктеріне қосқан оның үлесі зор», – деді Садыр Жапаров.

Еске салайық, 2 шілдеде Бішкек соты Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Камчыбек Ташиевке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Ол билікті күштеп басып алуға әрекет жасады деген бап бойынша төрт жылға сотталды.

Сондай-ақ оқыңыз