Қара теңіздегі айлақ құрылғыларын консорциум қаншаға сатып алды

2025 жылдың қарашасында қазақ мұнайының 80 пайызын тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумының (КҚК) танкерлерге мұнай айдайтын айлақ құрылғысына Украина дрондары түсіп, үш құрылғының біреуі істен шыққан еді. Бұл айлақ құрылғылары Қара теңіз жағалауында орналасқан.
Үш айлақ құрылғысының біреуі толық істен шықты
Сол кезде Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан екі қымбат құрылғыны Біріккен Араб Әмірліктерінен сатып алғанын мәлімдеген.
Өйткені елде өндірілетін мұнайдың басым бөлігін КҚК арқылы Батысқа сатып отырғандықтан, қазақ үкіметі экспорт пен өндірістің тоқтаусыз жүруіне мүдделі болды.
Сол шабуылдың салдарынан Қазақстан кем дегенде 480 мың тонна мұнай өндіре алмай, шамамен 225 млн доллар шығынға батқан. Дрон түскен құрылғы іске жарамай, консорциум бұған дейін жөндеуге жабылған үшінші құрылғыны мерзімінен бұрын қосуға мәжбүр болды.
Ал 2026 жылдың мамырында КҚК құрлықтан теңіздегі танкерлерге мұнай айдайтын екі құрылғыны ауыстыруға дайындалып жатқанын хабарлады. Алайда бұл мәліметте құрылғыларды Қазақстан жағы сатып алғаны туралы ешқандай мәлімет жазылмаған.
Айлақ құрылғысы қаншаға сатып алынды?
Осы ретте Kursiv.Media Энергетика министрлігіне ресми сауал жолдап, айлақ құрылғылары қаншаға сатып алынғанын және Қазақстан оған қанша қаржы жұмсағанын сұрап көрді.
Министрліктен келген жауапта КҚК халықаралық консорциум екені, Қазақстан 20,75 пайыз акциясына иелік ететін ірі акционерлерінің бірі екенін атап өтілген. Қазақстанмен қатар жоба акционерлері қатарында Ресей Федерациясы (31%),сондай-ақ Chevron, LUKOIL, Mobil, Rosneft-Shell, BG және Eni компаниялары бар.
Жабдықты сатып алу мен орнатуды консорциум тікелей өзі жүзеге асырған. Алайда министрлік жауабында «коммерциялық құпия» деген желеумен қаншаға сатып алынғаны нақтыланбаған. Тек КҚК инфрақұрылымын қалпына келтіру консорциумның инвестициялық бағдарламасы шеңберінде КҚК қаражаты есебінен қаржыландылырып жатқаны атап өтілген.
«Жабдықты салу құны және коммерциялық шарттар КҚК мен оның контрагенттерінің коммерциялық құпиясын құрайтын мәліметтерге жатады және мәміле тараптарының келісімінсіз үшінші тұлғаларға ашылуға жатпайды. Министрлік жабдықты салу консорциумның инвестициялық бағдарламасы шеңберінде нарықтық практикаға сәйкес келетін шарттарда жүзеге асырылғанын атап өтеді», – делінген жауапта.
Бұл ретте министрлік Қазақстан мұнайын экспортқа тасымалдаудың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге баса назар аударып, КҚК басшылығымен тұрақты байланыс орнатып отырғанын атап өткен.
«Терминал инфрақұрылымын қалпына келтіру бойынша жұмыстар консорциумның бекітілген кестесіне сәйкес жоспарлы тәртіппен жүзеге асырылуда. Жұмыстардың орындалу барысы қазақстандық тарапты қоса алғанда, КҚК акционерлерінің бақылауында», – делінген жауапта.
Қазақстан үшін маңызы қандай?
Каспий Құбыр Консорциумы – Қазақстан мұнайын әлемдік нарыққа шығаратын ең басты әрі ірі «мұнай күретамыры». Ел бюджетіне түсетін мұнай түсімдері мен Ұлттық қордың негізгі бөлігі осы құбыр арқылы сатылған мұнайдың есебінен толығады.
Қазақстан бұл жобада жай ғана пайдаланушы емес, ірі акционер болғандықтан, құбырдың өз пайдасынан да дивиденд алады.
КҚК Батыс Қазақстан мен Каспий теңізі аймағындағы кен орындарын Қара теңіздегі терминал байланыстырады. Ол Қазақстанның Теңіз кен орнынан Ресейдің Новороссийск портына дейін созылып жатыр. Құбыр ұзындығы – 1 511 шақырым.
Құбыр Новороссийск портына барып тірелетіндіктен, Қара теңіздегі ауа райының қолайсыздығы, техникалық ақау немесе аймақтағы геосаяси жағдай шиеленіскенде, Қазақстан мұнайының экспорты баяулап немесе тоқтап қалу қаупі туындайды.