Қызылорда облысында жылқылар белгісіз аурудан қырылып жатыр

Қызылорда облысының екі ауданында жылқылар жаппай қырылып жатыр. Шілде айында малдан белгісіз ауру табылған. Жылқылардың басы ісініп, жағы қарысып, артынша өліп жатыр.
31 арнаның мәліметінше, Жалағаш және Сырдария аудандарының шаруалары тұтас үйірлердің қырылып жатқанын айтты. Жайылымдар өлексеге толған, бірақ малдың неден өлгені әлі күнге дейін анықталған жоқ. Жылқылар шөп жеп, су іше алмағандықтан, оларды қорада ұстауға тура келіп тұр.
«Шөпті аузына тістеп алып жүре береді. Бір аптадан соң өліп қалады. Өзімнің бес-алты бас малым шығын болды», – деп налиды Сырдария ауданының тұрғыны.
Өзге фермерлердің 20-ға жуық жылқысы өлген. Олардың сөзінше, мамандар өлген малды есепке алып, сынама да алмай отыр. Шаруалар тек нақты диагнозын білсе, дәрі-дәрмекті өздері-ақ сатып алуға дайын екендіктерін айтады.
Ал ветеринарлар жағдай тұрақты деп отыр. Олардың айтуынша, нақты себебін анықтау үшін сараптама нәтижелерін күту қажет.
«Біз ауырған малдың қан сынамаларын облыстық ветеринария басқармасына жібердік. Енді нәтижесін күтуіміз керек. Бұл трипаносомоз (паразиттер тудыратын ауыр дерт) деп болжап отырмыз. Алдын ала вакцинация жүргіздік. Қазіргі кезде эпизоотиялық ахуал тұрақты», – деп мәлімдеді Сырдария аудандық ветеринария станциясының басшысы Нұрлыбек Дәулетбаев.
Сондай-ақ ол бұл ауру жұқпалы дерттер қатарына жатпайтындықтан, мемлекеттен өтемақы қарастырылмағанын атап өтті. Қазіргі таңда фермерлерді тек қалған малын аман алып қалу мәселесі ғана алаңдатып отыр.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында киіктердің қырылу дерегі тіркелген еді.