Инвесторлар сенімінен айырылдық па: шетелдік инвестиция неге азайды

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
2025 жылы шетелдік инвестиция теріс мәнде қалыптасты / Фото: shutterstock

Еуразиялық экономикалық комиссияның дерегінше, 2025 жылы Қазақстан ЕАЭО елдері арасында шетелдік инвестиция бойынша теріс көрсеткішпен шыққан жалғыз ел болды. Бұл туралы Energyprom.kz жазады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Инвесторлардың елден алып кеткен ақшасы жаңадан салған инвестициясынан асып түсіп, таза шығын 916,4 млн долларды құрады. Бұған дейінгі жылдарды салыстырғанда, инвестиция тарту көрсеткіші кері кеткенін байқатады.

Мысалы, 2023 жылы Қазақстан 5,7 млрд доллар инвестиция тартып, одақ бойынша көш бастаған еді.

Салыстырар болсақ, Қырғызстанда инвестиция 31,4%-ға, Арменияда 6,4 есе өскен. Ресейде 11,1 млрд доллар оң көрсеткіш тіркелсе, ал Беларусьте шамалы (7,8%) төмендеген.

Бұл жағдайға, ең алдымен, ЕАЭО-дан тыс елдерден келетін қаржының азаюы себеп болды. Мәселен, АҚШ инвесторлары бұрын салған 4,2 млрд долларын, ал Бермуд аралдары 2 млрд долларын кері қайтарып алды.

Керісінше, Сингапур өз инвестициясын екі есеге ұлғайтып, 1,4 млрд долларға жеткізсе, Қатар қаржы құюды 8 есе арттырып, 1,3 млрд долларға жуықтатты.

Ал ЕАЭО ішіндегі көршілерден келген инвестиция көлемі 3,7 есе азайып, 453,4 млн долларды құрады.

Бұған Ресейден келетін қаржының 4,4 есе қысқаруы әсер етті. Соған қарамастан, Ресей әлі де одақ ішіндегі басты инвестор болып қала береді.

Инвестиция мұнай және тау-кен саласында қатты азайып кеткен. Мұндағы таза шығын 7,5 млрд долларға жетті. Бұл ірі мұнай жобаларының аяқталу және инвесторлардың тапқан пайданы сыртқа шығара бастауымен түсіндіріледі.

Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі, ғылым және құрылыс саласында да төмендеген. Ал керісінше, қаржы мен сақтандыру саласы жедел дамып, ондағы инвестиция 10 есеге жуық өсті (2,7 млрд доллар). Ақпарат және байланыс секторы да қарқын алып, түскен қаржы 4,4 есе артты (1,2 млрд доллар).

Halyk Finance сарапшыларының бағалауынша,  былтыр инвестиция ең алдымен бюджет қаражаты есебінен артқан. Бұған дейін экономиканы қолдаудың негізгі көзі болған Ұлттық қор трансферттері біртіндеп сыртқы қарызбен алмастырылып жатыр. Бірақ қағидат өзгермеген: статистикалық өсім негізінен мемлекеттік қатысудың арқасында қалыптасып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз