Тәжікстан мен Қырғызстанның бірнеше өңірінде электр жарығы жаппай өшті

Бүгін, 14 тамызда, Тәжікстанның бірнеше қаласы мен ауданында электр қуаты жаппай өшті. Дәл осындай жағдай Қырғызстанның Бішкек қаласында да орын алды.
Тәжікстанның бірнеше өңірінде электр қуаты өшті
«Азия-Плюс» басылымының мәліметінше, электр жарығының өшкені туралы хабарламалар Қазақстан уақытымен шамамен 15:15-тен бастап түсе бастаған. Электр қуатындағы ақаулар туралы Душанбе, Куляб, Худжанд, Вахдат, Нурек, Гиссар, Шахринав, Бободжон Ғафуров ауданы, Рогун және басқа да өңірлердің тұрғындары хабарлаған.
Тәжікстанның Энергетика министрлігі басылымға берген мәліметінде, ықтимал себептердің бірі ретінде жоғары жүктемеге байланысты Нүрек ГЭС агрегаттарының ажыратылуын атады. Алайда бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Мәселені шешу үшін жедел штаб құрылды. Мамандар электр қуатының өшу себептерін анықтап, электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қырғызстанның бірқатар ауданында да жарық сөніп қалды. Бішкек қаласында электр қуаты жаппай сөнген.
Kaktus.media хабарлауынша, электр жарығының өшкені туралы алғашқы хабарламалар күндіз, шамамен сағат 15:00-де түсе бастаған. Тұрғындар Тыныстанов және Токтогул көшелері маңында электр қуатының жоқ екенін хабарлаған.
Кейін Ибраимов пен Боконбаев, Абдрахманов пен Ибраимов көшелерінің қиылыстарынан, Аламедин-1 шағынауданынан, Суюмбаев көшесі мен Жібек Жолу даңғылының қиылысынан, Жастар шағынауданынан, Ахунбаев көшесі мен Айтматов даңғылы маңынан да жарықтың өшкені туралы ақпарат тарады.
Сондай-ақ Селекционное ауылында, Энергетиктер қалашығында, Asia Mall сауда орталығының маңында және сауда орталығының өзінде электр қуаты үзілген.
Бұдан бөлек, тұрғындар Кольбаев көшесінде, №70 мектеп маңында, Орозбеков пен Туголбай Ата көшелерінің қиылысында, сондай-ақ Ыстықкөл облысында электр жарығына қатысты ақаулар болғанын хабарлаған.
Айта кетейік, Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары да жарықсыз қалды. Алматы қаласының барлық ауданы мен Алматы облысының он ауданында жарық кенеттен өшіп қалған.