Қазақстан роллер-спорттан әлем кубогында тұңғыш алтын алды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: Gov.kz

Алматылық спортшы Әнуар Ақылбеков Қытайдың Лишуй қаласында өткен роллер-фристайлдан әлем кубогы кезеңінде топ жарып, алтын медаль иеленді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Алматы қаласы Спорт басқармасының хабарлауынша, бұл – Қазақстанның роллер-спорттан әлем кубогы кезеңдеріндегі жарыстар тарихындағы тұңғыш алтыны.

Лишуйде өткен халықаралық дода World Skate ұйымының қолдауымен ұйымдастырылып, оған әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам мықты спортшы қатысты. Олар роллер-фристайлдың Classic Slalom, Speed Slalom, Pair Slalom, Battle, Jump және Slides сынды бірнеше бағыты бойынша өзара бақ сынады.

«Бұл – біз үшін үлкен жеңіс. Спортымыздың тарихын өзіміз жазып, ең ірі халықаралық жарыстарда Қазақстанның туын көтеріп жүргенімізге өте қуаныштымын. Алға қарай қадам басып келеміз», – деді Әнуар Ақылбеков.

Маусымдағы маңызды халықаралық жарыстардың біріне дайындықты алматылық спортшылар Halyk Arena аумағында өткізді.

Роллер-спорт 14-тен астам бағытты біріктіреді. Бұл спорт түрі Дүниежүзілік және Азия ойындары секілді ірі халықаралық көпсалалы жарыстардың бағдарламасына енгізілген.

Айта кететін жайт, семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының алтынын еншіледі.

Сондай-ақ оқыңыз