Алматыдағы жарықтың жаппай өшуіне Орталық Азияның энергетикалық жүйесі әсер еткен

Алматы мен Алматы облысында электр қуатының жаппай өшуіне Орталық Азияның энергетикалық жүйесіндегі электр энергиясы ауысымының күрт өзгеруі себеп болған. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі мәлімдеді, деп жазады Kursiv.Media.
Министрліктің хабарлауынша, 14 тамызда энергетикалық жүйеде қуаттың күрт артуы тіркелген. Соның салдарынан апатқа қарсы автоматика іске қосылып, Алматы мен Алматы облысындағы бірқатар тұтынушы электр желісінен ажыратылған.
Электр қуаты қалпына келтіріліп жатыр
Қазір жүйелік оператор «KEGOC» АҚ қажетті қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кейбір аумақта электрмен жабдықтау қайта қалпына келген.
Жағдай Энергетика министрлігінің бақылауында. Электр қуатын толық қалпына келтіру барысы туралы қосымша ақпарат берілмек.
KEGOC электр жарығының өшуіне қатысты түсініктеме берді
Электр қуатының үзілуіне байланысты «KEGOC» АҚ да түсініктеме берді. Компанияның мәліметінше, 14 тамызда сағат 14:37-де Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде технологиялық бұзушылық тіркелген.
Оның салдарынан Қазақстан БЭЖ-нің Оңтүстік аймағы мен Орталық Азияның Біріккен энергетикалық жүйесі оқшауланған жұмыс режиміне көшкен.
Апат салдарынан Қазақстанның энергетикалық жүйесінде тұтынушыларды электрмен жабдықтауды шектеу көлемі шамамен 2810 МВт болды.
«KEGOC» қалпына келтіру жұмыстарын бірден бастаған. 14:47-де Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстарындағы 295 МВт көлеміндегі шектеулер алынды.
Қазіргі уақытта компания тұтынушыларды электрмен жабдықтауды толық қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, бүгін 14 тамызда Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары да жарықсыз қалды. Алматы қаласының барлық ауданы мен Алматы облысының он ауданында жарық кенеттен өшіп қалған.
Сондай-ақ, Тәжікстанның бірнеше қаласы мен ауданында және Қырғызстанның Бішкек қаласында да орын алды.