Алматыда пәтер мен үйге тіркелетін адам санына шектеу қойылуы мүмкін

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Алматыда бір үйге тіркелетін адам саны шектелуі мүмкін / Коллаж: kursiv.media архиві

Алматыда тұрғын үйге тіркелу тәртібін қатаңдату ұсынылды. Бұл туралы шешім жобасын қала әкімдігі әзірледі. Құжат 11 тамызда «Ашық НҚА» порталында жарияланып, қазір қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр. Ұсыныстар 26 тамызға дейін қабылданады.

Тіркеу тәртібі қалай өзгеруі мүмкін

Жаңа талап тұрақты және уақытша тіркеуге қатысты болады.

Ұсынысқа сәйкес, бір тіркелген адамға кемінде 15 шаршы метр тұрғын үй алаңы тиесілі болуы керек.

Мысалы, ауданы 60 шаршы метр пәтерге төрт адамға дейін тіркеуге болады. Алайда бұл шектеу үй иесінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына қолданылмайды.

Мұндай тәртіп қазірдің өзінде Астанада қолданылады.

Шектеу не үшін енгізілмек

Жаңа талаптың негізгі мақсаты – «резеңке пәтерлермен» күресу. Яғни тұрғын үйде іс жүзінде тұрмайтын көптеген адамды бір мекенжайға тіркеу жағдайларын азайту көзделіп отыр.

Бұл мәселе Алматы мен Астана үшін өзекті. Мысалы, жақында Алматының Наурызбай ауданындағы бір бөлмелі пәтерден 990 адамның тіркелгені анықталған.

Тіркеуді кім бақылайды

Құжат жобасында тіркелген адамдардың санын нақты қалай тексеретіні әзірге көрсетілмеген. Әдетте бұл жұмыспен ІІМ-нің көші-қон қызметі мен полиция айналысады.

Алдағы уақытта тіркеу үдерісін цифрландыру арқылы жүйе тұрғын үйдің көлемі мен тіркелген адамдар санын автоматты түрде есептеп, белгіленген нормадан артық адамды тіркеуге мүмкіндік бермеуі мүмкін.

Сондай-ақ осы мақсатта жасанды интеллект технологиясын қолдану нұсқасы да қарастырылып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз