Трамп Ормуз бұғазын АҚШ аумағына қосуды жоспарлап отыр

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: AP

АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазын «жақын арада» АҚШ аумағы деп жариялауы мүмкін екенін мәлімдеді. Ол бұл туралы Лонг-Айлендтегі полиция академиясында сөйлеген сөзінде айтты.

Трамптың сөзінше, АҚШ Иранға қарсы соғысты аяқтағаннан кейін бұғазға қатысты осындай шешім қабылдауы мүмкін.

«Иранды талқандауды аяқтағаннан кейін, мен жақын арада Ормуз бұғазын АҚШ аумағы деп жариялаймын. Негізінде, ол қазірдің өзінде солай. Біз бұғазға блокада қойдық. Егер қаламасақ, ешбір кеме бұғаздан өте алмайды», – деді Трамп.

Ормуз бұғазы неге маңызды

Ормуз бұғазы әлемдік мұнай саудасы үшін стратегиялық маңызға ие. Әдетте әлемдегі теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың шамамен бестен бір бөлігі осы бұғаз арқылы өтеді.

Трамптың бұл мәлімдемесі АҚШ-тың нақты саясатына айнала ма, әлде тек мәлімдеме күйінде қала ма әзірге белгісіз

Ал Иран билігі Вашингтонның қысымына берілмейтінін мәлімдеді. Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Қазем Ғарибабади бұғазды ашу немесе жабу туралы шешімді Иран қабылдайтынын айтты.

Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Тегеранның АҚШ-пен келіссөздерді қайта бастау туралы әзірге шешім қабылдамағанын айтты. Оның сөзінше, Катар мен Пәкістан арқылы жүргізіліп жатқан байланыстарды келіссөз деп атауға болмайды. Ал Оманмен консультациялар Ормуз бұғазы арқылы теңіз қатынасын қалпына келтіру мәселесіне қатысты.

Бұған дейін Трамп АҚШ-тың бұғазға «толық бақылау» орнатқанын мәлімдеген. Алайда Ормуз бұғазы Иран мен Оман арасындағы халықаралық теңіз жолы.

Соғыс пен теңіз қатынасындағы қиындықтар аясында жанармай бағасы да өсті. Трамп америкалықтардың бензинге көбірек ақша төлеп жатқанын мойындағанымен, Иранға қарсы әрекеттерді ақтайтынын айтты.

Ал Иран АҚШ-тан саясатын өзгертуді, соғыстан келген шығынды өтеуді, санкцияларды алып тастауды және бұғатталған ирандық активтерді босатуды талап етіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз