Италия музейінен Ренессанс дәуірінің әйгілі картиналары ұрланды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Италия музейінен картиналар ұрланды
фото: Reuters

Сицилиядағы музейден Ренессанс дәуіріне тиесілі төрт картина қолды болды. Мұны Италияның мәдениет министрі Алессандро Джули растады. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Ұрлық Италияның Мессина қаласындағы аймақтық мұражайда болды. Қылмыскерлер XV ғасырдың әйгілі суретшісі Антонелло да Мессинаның қолынан шыққан құнды туындыларды ұрлап кеткен.

Ұрылар мұражайдан «Сан-Грегорио» полиптихының үш бөлігін және бір ағаш тақтаның екі жағына қатар салынған «Мадонна сәбимен» және «Иса Мәсіх» картиналарын алып кеткен. Оқиға сенбі күні кешкі сағат 21:50 шамасында болған.

 «Бұл жағдай бәрімізді есеңгіретіп тастады. Мұражай мен қаламызға, сондай-ақ әлемдік өнер сүйер қауымға бұл орны толмас үлкен шығын болды», – деді мұражай директоры Мариса Меркурио.

Қазір полиция дабыл жүйесінің неліктен іске қосылмай қалғанын анықтап жатыр. Тергеушілердің негізгі нұсқасы бойынша, өнер туындыларын «қара базарда» сату үшін арнайы тапсырыспен ұрланған болуы мүмкін.

Әйгілі жәдігерлердің ұрлануы алғашқы жағдай емес. Былтыр ұрылар Луврдан Наполеон Бонапарт пен француз монархтарына тиесілі асыл тастар мен әшекей бұйымдарды ұрлап кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз