Қырғызстан тауларында беларусь және литвалық альпинистердің мәйіті табылды

Қырғызстан тауларында мәйіттер табылды. Олар жоғалып кеткен беларусь альпинистерінің денелері болуы мүмкін, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Белта агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы «Беларусь альпинизм және жартасқа өрмелеу федерациясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Годлевский мәлімдеген.
Мәйіттер дрон арқылы табылған. Альпинистер тобының құрамында Беларусь азаматтары – 43 жастағы Максим Полянский мен 60 жастағы Николай Свиридов, сондай-ақ 37 жастағы Литва азаматы Сергей Рубцов болған.
Олар биіктігі 6 612,5 метр болатын Коромду шыңына көтерілген. Содан кейін, 4 тамызда байланысқа шығуды тоқтатқан. Іздеу операциясы ұйымдастырылып, Беларусь пен Қырғызстан өкілдерінен бірлескен штаб құрылған.
Айта кететін жайт, Іле Алатауында жарақат алған екі ресейлік альпинист тікұшақпен құтқарылған еді.