Ауғанстанда 4 миллион бала аштық қаупінде тұр – БҰҰ

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Ауғанстанда 4 млн бала аштық қаупінде тұр
фото: UNAMA / Ауғанстанда 4 млн бала аштық қаупінде тұр

Елдің 12 провинциясында кәмелетке толмағандардың арықтап, ауруханаға түсу көрсеткіші артып келеді. Олардың 80 пайызы екі жасқа толмаған балалар, деп жазады Kursiv.Media.

БҰҰ-ның ескертуі бойынша, егер халықаралық көмек көрсетілмесе, осы жылдың соңына қарай ауғанстандық төрт миллион балаға аштық қаупі төнеді.

Дәрігерлер бұл жағдайды баланың ағзасы ішкі ресурстарын сарқып, әлсірей бастайтын өте қауіпті кезең деп бағалайды. БҰҰ мәліметінше, биыл балалар арасында салмақ жоғалту көрсеткіші 75%-ға артқан. Көп жағдайда ата-аналар дәрігер көмегіне тым кеш жүгінген.

БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының Ауғанстандағы өкілі Джон Эйлиффтің айтуынша, Таяу Шығыстағы дағдарыс салдарынан миллиондаған әйел мен бала үнемі дұрыс тамақтанбаудан зардап шегіп отыр. Азық-түлікке мұқтаж тұрғындар көмек алу үшін жергілікті медициналық орталықтарға жүгінуге мәжбүр.

«Ауғанстандағы жас балалар шекті межеге жақындап қалды. Халықаралық ұйымдар мен волонтерлер бұл жағдайда дәрменсіз. Халықтың осал топтарына толыққанды, үздіксіз көмек көрсету үшін бізге шұғыл қаржыландыру қажет«, – дейді ЮНИСЕФ-тің Ауғанстандағы өкілі Таджудин Ойевале.

Ауғанстан тұрғындарына өмірлік қажетті көмек көрсету үшін БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына 540 млн доллар қажет. Әйтпесе, 2026 жылдың соңына қарай Ауғанстандағы шамамен 3,7 млн бала, сондай-ақ 1,2 млн жүкті әйел мен бала емізетін ана тамақ тапшылығынан зардап шегетін болады. Жалпы алғанда, елде 20 миллионнан астам адам азық-түліктің қатты тапшылығы жағдайында отыр.

Сондай-ақ оқыңыз