Күзде ауа райы қандай болады

«Қазгидромет» күзде ел аумағында ауа райы қандай болатынын жариялады, деп жазады Kursiv.Media. Синоптиктер болжамына сәйкес, қыркүйекте елдің басым бөлігінде ауа температурасы норма шамасында болса, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облысында жылырақ болады.
Жауын-шашын көп жауады
Қыркүйекте Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан мен Абай облысында жауын-шашын нормадан көп жауады деп болжанған.
Ал Қызылорда, Түркістан облыстарының басым бөлігінде, Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде, Жамбыл облысының оңтүстік-батысында жауын-шашын мөлшері нормадан аз болады.
Қазан мен қарашадағы ауа райы
Қазанда республиканың басым бөлігінде күн жылы болады. Тек Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Абай облысында ауа температурасы норма шамасында болады.
Қарашада республиканың басым бөлігінде айлық орташа ауа температурасы нормадан 1-2°С жоғары болады деп болжанды. Алматы, Жетісу және Абай облыстарында, Шығыс Қазақстан облысында, Жамбыл, Қарағанды және Павлодар облыстарының шығыс жартысында ауа температурасы норма шамасында болады.
Қарашада жауын-шашын мөлшері ел аумағының басым бөлігінде норма шамасында, ал Солтүстік Қазақстан облысында, Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарының солтүстік жартысында нормадан көп болады.
Алматы мен Астана
Синоптиктер болжамына сәйкес, қыркүйекте елордада орташа +12,2 градус жылы болады. 21-30 қыркүйек аралығында күн күрт салқындайды: түнде +1…+6 градусқа дейін, күндіз +6…+11 градусқа дейін жетеді. Одан кейін ауа температурасы түнде +5…+10, күндіз +11…+16 градусқа дейін көтеріледі.
Алматыда орташа ауа температурасы +17,5 градус болады. 21-30 қыркүйек аралығында термометр бағаны түнде +1…+6 градусқа, күндіз +12…+17 градусқа дейін төмендейді.