Қазақстандықтар шілде айында қандай көліктерді көбірек сатып алды

Елде шілде айында ресми дилерлер 21 371 жаңа автокөлік сатты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,9 пайызға көп, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қазақстан автокөлік одағының мәліметінше, қаңтар-шілде айларында сатылым көлемі 127 260 машинаға жетіп, 2025 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 1,7 пайызға асты.
Шілде айында Hyundai маркалы автокөліктер өз көшбасшылығын сақтап қалды. Дилерлер 3 712 Hyundai автокөлігін сатты.
Екінші орынға Chevrolet жайғасты, алайда марканың сатылымы 29,5 пайызға төмендеп, 2 855 машинаны құрады.
Үшінші орынды 2 492 автокөлік сатқан Kia иеленді. Мұнда сатылым көлемі 14,8 пайызға өскен. Changan маркасының көрсеткіші Kia брендіне тым жақын келді. Мәселен, бір айдың ішінде дилерлер 2 456 машина сатты. Бұл былтырғы шілде айымен салыстырғанда 171,7 пайызға көп. Ол Kia-дан небәрі 36 автокөлікке ғана қалып қойды. Алғашқы бестікті 1 543 көлік сатқан Chery маркасы түйіндеді.
Сондай-ақ үздік ондыққа төмендегідей маркалар енген:
- Jetour – 1 129 автокөлік;
- Toyota – 1 019;
- JAC – 994;
- Geely – 868;
- Haval – 864.
Шілде айындағы ең танымал модель атағын Chevrolet Cobalt сақтап қалды – дилерлер 2 682 автокөлігін сатты. Одан кейін Hyundai Tucson (1 851) мен Changan CS35 Max (1 070) тұр. Kia Cerato ең көп сатылатын көліктер қатарына қайтып оралып, төртінші орынға жайғасты (1 031). Ал бестікті Kia Sportage түйіндеді – 820 автокөлік.
Еске сала кетейік, енді қазақстандықтар ескі көлігін өткізіп, жаңасына жеңілдік ала алады.