Украина Геннадий Головкинді Ресейді қолдады деп айыптады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Фото: Қазақстан Олимпиада комитеті

Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы әрі World Boxing халықаралық ұйымының президенті Геннадий Головкин украиналық «Миротворец» интернет-ресурсының деректер базасына енгізілді.

Ақпаратқа сәйкес, даңқты боксшының аты-жөні аталған тізімге 15 тамыз күні қосылған. Ресурс тарапынан оған Ресей спортшыларына салынған халықаралық шектеулердің алынуына ықпал етті деген айып тағылып отыр.

Бұған дейін Геннадий Головкин басқаратын World Boxing ұйымы ресейлік боксшыларға қатысты бұрынғы шектеулердің күшін жойып, олардың халықаралық бәсекелерде өз елінің туы мен әнұранымен өнер көрсетуіне рұқсат берген еді.

Еске сала кетейік, Геннадий Головкин 2024 жылдан бері Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетін басқарып келеді, ал 2025 жылдың қарашасында World Boxing президенті болып сайланған болатын.

Кәсіби бокста орта салмақта әлемнің бірнеше нұсқасы бойынша чемпиондық титулды қорғаған Головкин рингтегі мансабын 42 жеңіс, екі жеңіліс және бір тең нәтижемен аяқтаған. 2026 жылы оның бокстағы еңбегі бағаланып, Халықаралық бокс даңқ залына (IBHOF) енгізілді.

Сондай-ақ оқыңыз