IT мамандықтарды меңгергісі келетіндерге ваучерлер беріледі

Қазақстандықтар сұранысқа ие IT мамандықтарды меңгере алады. Astana Hub Tech Orda бағдарламасына өтінім қабылдауды бастады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Astana Hub Tech Orda бағдарламасының бесінші, мерейтойлық маусымына өтінім қабылдау басталғанын хабарлайды.
Ваучер алады
Қазақстанның 18 бен 45 жас аралығындағы азаматтары барлық өңіріндегі аккредиттелген IT-мектептерде оқуға арналған ваучер алып, ең сұранысқа ие цифрлық мамандықтардың бірін меңгере алады.
Бағдарлама аясында қатысушылар офлайн форматтағы оқу үшін 500 000 теңгеге дейін, ал онлайн немесе гибридті форматтағы оқу үшін 400 000 теңгеге дейін номиналды ваучер ала алады.
Министрдің уәдесі
Tech Orda – Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылатын Astana Hub бағдарламасы. Ол білікті IT-мамандарды даярлауға және еліміздегі жеке IT-білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
«Мұндай бағдарламаларға сұраныстың жоғары екенін көріп отырмыз және адамдардың IT саласында мансап құруына әрі елдің инновациялық экономикасын дамытуға ықпал ететін бастамаларды қолдауды жалғастырамыз», – деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Жоғары жалақы
Оқу цифрлық индустрияның ең сұранысқа ие бағыттары бойынша қолжетімді: жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, деректерді талдау, Cloud & DevOps, GameDev, өнім менеджменті, UI/UX-дизайн және басқа да мамандықтар.
Бағдарлама іске асырылған 2021–2026 жылдар аралығында 12,5 мыңнан астам қазақстандық білім алды. Мониторинг нәтижелері бойынша экономикалық белсенді түлектердің 90%-ы жұмысқа орналасқан. Ал олардың орташа жалақысы 725 мың теңге болады.
Айта кететін жайт, енді жасанды интеллект елдегі әкімдерге ақыл-кеңес беріп, олардың жұмысына көмектесетін болады.