Шу қаласында алғаш рет жел генераторын құрастыра бастады

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
жел генераторын құрастыратын зауыт
Жел генераторы Шуда құрастырылады / фото: «Самұрық-Қазына»

Жамбыл облысының Шу қаласында алғаш рет жел генераторларын құрастыра бастады. Зауытта 300 адам жұмыс істейді, деп жазады Kursiv.Media.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Sany Renewable Energy компаниясының бірлескен зауытында жел энергетикасына арналған алғашқы жабдықтарды өндіру басталды.

«Бұл – Қазақстанда жаңартылатын энергетикаға арналған жабдықтардың жергілікті өндірісін дамыту мақсатында құрылған алғашқы зауыт», – деп хабарлайды «Самұрық-Қазына».

Қор мәліметінше, жабдықтардың алғашқы партиясы 2026 жылы ақпанда Eni S.p.A. компаниясымен жасалған келісімшарт аясында жеткізіледі. Генераторлар «ҚазМұнайГаз» бен Eni бірлесіп іске асырып жатқан гибридті электр станциясы үшін қажет. Ол станция Жаңаөзен қаласында орналасқан.

Келісімшартқа сәйкес, зауыт 2026 жылғы қарашаның ортасына дейін жалпы қуаты 77 МВт болатын 10 жел энергетикалық қондырғы жиынтығын өндіріп жеткізеді.

Қазір халықаралық компаниялардан жаңа тапсырыстар алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Зауыттың өндірістік қуаты жылына 2 ГВт-қа дейін жетеді. Кәсіпорында жел генераторларына арналған гондолалар, күпшектер және басқа да негізгі компоненттер өндіріледі.

Өндіріс 300 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Салық түсімдері мен басқа да міндетті төлемдер жобаның маңызды экономикалық әсері болады, деп есептейді ұлттық әл-ауқат қоры.

Сондай-ақ оқыңыз