Ауылға жақындап қалды: Қарқаралыдағы өртке қатысты тұрғындар дабыл қақты

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Жаңатоған ауылы маңындағы өртке қатысты әлеуметтік желіде тұрғындардың алаңдаушылығы күшейді. Олар өрттің ауылға жақындағанын айтып, қосымша техника мен шұғыл көмек сұрап жатыр, деп жазады Kursiv.Media.
Бір тұрғын Threads желісіндегі жазбасында ҚХ «Береке» маңында шамамен 4 мың бума шөптің өртеніп жатқанын жазған. Оның айтуынша, өрттің нақты аумағы әзірге белгісіз, ал жалын ауылға қарай жақындап келеді.
«Өрттің аумағы кеңейіп, қауіп күшейіп бара жатыр. Шұғыл көмек қажет!», – деп жазды ол.
View on Threads
Тұрғындар техника жетіспей жатқанын айтты
Тағы бір тұрғын Жаңатоған (Бейбітшілік) ауылындағы жағдайға алаңдап, ауылға қажетті өрт сөндіру техникасы жетпей жатқанын мәлімдеген.
Оның жазуынша, өрт салдарынан тұрғындардың шөбі мен қыстаулары өртенген. Ауыл адамдары жалынды өз күштерімен ауыздықтауға тырысып жатқанын айтқан.
«Жалғыз ауыл адамдарының күші жетпейді. Жанымыздан жан қалмады алаңдап», – деп жазды тұрғын.
Сондай-ақ ол туысының өрттен зардап шеккенін айтып, 50 пайыз күйікпен ауруханаға жеткізілгенін мәлімдеген. Бұл ақпарат әзірге әлеуметтік желідегі тұрғынның жазбасына негізделген.
View on Threads
Ресми мәлімет бойынша ауылға қауіп жоқ
Ал Төтенше жағдайлар департаментінің ресми мәліметінше, Жаңатоған ауылы маңындағы құрғақ шөптің өртенуін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Өртті сөндіруге қатты жел мен таулы жер бедері кедергі келтіруде.
17 тамыз таңертең өрт аумағына жүргізілген әуеден бақылау кезінде жаңа ашық жану ошақтары анықталмаған. Сондай-ақ ресми мәліметте елді мекендерге қауіп жоқ екені айтылған.
Өрттен екі ер адам зардап шеккен. Ресми органдардың мәліметінше, өрттен зардап шеккен екі адамның денесінің 10 және 20 пайызы күйген. Алайда бұл ақпарат тұрғындардың әлеуметтік желідегі жазбаларында айтылған мәліметтермен сәйкес келмейді.