Аустралия университетінің филиалы Семейде ашылуы мүмкін

Аустралия Мёрдок университетінің филиалы Семей қаласында ашылуы мүмкін. Қазір келіссөз жүріп жатыр. Бұл туралы Kursiv.Media Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Министр Саясат Нұрбек Аустралияның Мёрдок университетінің өкілдерімен кездесті. Тараптар Шәкәрім университеті мен Мёрдок университеті арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту және Семей қаласында Аустралия университетінің филиалын ашу мәселесін талқылады.
Министрлік мәліметінше, кездесу аясында Шәкәрім университеті мен Мёрдок университеті өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
«Құжат академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен білім беру және зерттеу бастамаларын іске асыруға, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын кеңейтуге, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, сонымен бірге сарапшылар мен зерттеушілер алмасуға бағытталған», – деп таратты ғылым министрлігі.
Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі – Шәкәрім университетінің базасында Мёрдок университетінің филиалын ашу мүмкіндігі болды. Тараптар филиалды құру мен оның жұмыс істеу моделін, кадр даярлау бағыттарын, сонымен бірге бастаманы іске асыруға қатысты академиялық, ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық мәселелерді талқылады.
Бұған дейін қазақ студенттерінің Жапонияда тегін білім ала алатыны хабарланған.