Ақмолалық азамат қате диагноз қойғаны үшін емханадан 1,6 млн теңге өндіріп алды

Ақмола облысында аудандық емхана пациентке моральдық зиян мен жоғалтқан табысы үшін өтемақы төлейтін болды. Мұндай шешімді сот шығарды, деп хабарлайды Kursiv.Media. Ер адам бірнеше рет дәрігерлерге қаралған. Алайда оның ауыр дертке шалдыққаны Астанаға шұғыл жеткізілгеннен кейін ғана анықталған.
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, механизатор болып жұмыс істейтін жергілікті тұрғын 2025 жылдың шілде айында Целиноград аудандық емханасына барған. Ол басы ауыратынын, жөтел, мұрыннан су ағу, дене қызуының көтерілуі және иығының ауырғанын айтқан.
Дәрігерлер оған жіті респираторлық вирустық инфекция, жедел назофарингит, созылмалы бронхиттің асқынуы және пневмония диагноздарын қойған.
Бірнеше күннен кейін ер адам қолы мен иық буынының ауырғанына және ісінгеніне байланысты емханаға қайта барған. Дәрігерлердің бірі ревматоидты артритке күдік келтіріп, оны травматологқа жіберген. Ал травматолог иық буыны байламдарының созылуы және шамадан тыс күш түсуі деген диагноз қойған. Кейін бұл диагнозды тағы бір дәрігер растаған.
Алайда арада бір апта өткен соң ер адам Астанадағы ауруханаға шұғыл түрде жеткізілген. Онда оның сол қолында, сондай-ақ жауырын үсті және жауырын асты аймақтарында флегмона бары анықталды. Науқасқа дереу операция жасалып, шамамен 1,5 литр ірің алынған.
Сараптамалық комиссия аудандық емхана дәрігерлерінің диагноз қою кезінде қателіктер жібергенін анықтады. Атап айтқанда, мамандар ауруды уақытында анықтамаған, пациенттің шағымдары мен зерттеу нәтижелеріне тиісті деңгейде назар аудармаған.
Комиссия медициналық қызметкерлердің әрекеттері мен ер адамның денсаулығының кейіннен нашарлауы арасында себеп-салдарлық байланыс бар деген қорытындыға келген.
Асқынулардың салдарынан пациент ұзақ уақыт еңбекке жарамсыз болған. Сонымен қатар оның иық буынының қызметі бұзылған.
Бірінші сатыдағы сот бұған дейін емханадан моральдық зиян үшін 700 мың теңге өндірген. Алайда жоғалған табыс пен дәрі-дәрмек шығындарын өтеу туралы талаптарды қанағаттандырмаған.
Апелляциялық сот алқасы жоғалған табысқа қатысты шешімді өзгертіп, емханадан қосымша 914 мың теңге өндірді. Осылайша пациентке төленетін жалпы өтемақы көлемі 1,6 млн теңгені құрады.
Ал дәрі-дәрмек шығындарын өтеу талабынан сот бас тартты. Себебі бұл шығындар сақтандыру компаниясы тарапынан өтеледі.
Сот актілері заңды күшіне енді.