KEGOC есебі: тариф өсіп, таза пайда артқанымен, инфрақұрылым тозып тұр

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Электр алпауытының қаржы есебі жарияланды Фото: shutterstock

KEGOC ұлттық компаниясы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығын рекорд қаржы көрсеткіштерімен аяқтады. Қаржы есебіне сәйкес, компанияның таза пайдасы 34,3 миллиард теңгеден 54,6 млрд теңгеге дейін өсіп, 60%-ға дерлік артты, деп жазады Kursiv.Media.

Halyk Finance сарапшыларының атап өтуінше, KASE индексіне кіретін бірде-бір эмитент мұндай жоғары өсім қарқынын көрсете алған жоқ. Тарифтердің қымбаттауы компанияның табысын еселегенімен, тамыз айында орын алған блэкаут электр желілері тозып кеткенін және жүйеде түйткілдер барын көрсетті.

Тариф табыстың еселенуіне әсер етті

Компанияның алты айдағы түсімі де айтарлықтай өсіп, 183,1 миллиардтан 240,1 млрд теңгеге жетті (31%-ға өскен).

Дәл осы кезеңде жалпы пайда 51,3 миллиардтан 87,5 млрд теңгеге, ал операциондық пайда 45,4 миллиардтан 72 млрд теңгеге дейін артты. Операциялық қызметтен түскен ақша ағыны да 69,7 миллиардтан 81,6 миллиард теңгеге дейін көтерілді.

Табыстың бұлай өсуіне мамыр айынан бастап электр энергиясын жеткізу тарифінің 5,575 теңге/кВт·сағ дейін қымбаттауы негізгі түрткі болды. Жоғары қаржы нәтижелерінің арқасында компания маусым айында акционерлерге 2025 жылдың екінші жартыжылдығы үшін 22,3 млрд теңге дивиденд (бір акцияға 81 теңгеден) төледі.

Инфрақұрылым тозып тұр

Табыс өскеніне қарамастан, магистральды электр беру желілерінің басым бөлігі тозып кеткен. KEGOC компаниясының қаржы есебінде 220-500 кВ желілерінің біршама бөлігі пайдалану мерзімін аяқтағанын немесе таяу жылдары аяқтайтынын ашық мойындаған.

Осыған байланысты компанияның 2021-2026 жылдарға арналған 274,760 млрд теңгелік инвестициялық бағдарламасының қаржысы 314,345 млрд теңгеге дейін артқан.

Шығын артып келеді

Желілерді қолдау мен жөндеу шығындары да едәуір өсті. Алты айда жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге 5,48 млрд теңге бағытталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға көп.

Технологиялық шығындарды жабуға кеткен қаржы 37 миллиардтан 48,9 млрд теңгеге дейін артса, баланстаушы электр энергиясын сатып алу шығындары 13,5 миллиардтан 15,4 млрд теңгеге дейін өсті.

14 тамызда Тоқтағұл ГЭС-індегі гидрогенераторлардың өшуі салдарынан орын алған блэкаут компания акцияларына кері әсер етті. Апат кезінде «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» транзитіне шамадан тыс күш түсіп, Оңтүстік аймақ біртұтас жүйеден бөлініп кетіп, Алматы қаласы мен облыстағы бірқатар аудан жарықсыз қалды, Алайда Қырғызстан апатқа қатысты жауапкершілікті тек өздеріне жүктеуге қарсы.

Сондай-ақ оқыңыз