Жатақхана ала алмаған кейбір студенттерге өтемақы төленеді

Қазақстанда жатақханаға қол жеткізе алмай қалған студенттер төлемақы ала алады. Қосымша жәрдем жекелеген санаттарға жататын білім алушыларға ғана беріледі.
Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан айтты, деп жазады Kursiv.Media.
Төлем мөлшері жылына 29 АЕК-ке дейін, яғни 100 050 теңгені құрайды.
Өтемақыны мына санаттағы студенттер ала алады:
- ата-анасынан айырылған балалар;
- I және II топтағы мүгедектігі бар студенттер;
- бала кезінен мүгедектігі бар студенттер.
Төлем тек бірінші курс студенттеріне ғана емес, сонымен қатар екінші және үшінші курстарда да беріледі.
Сонымен бірге Үкімет отырысында биыл жалпы сыйымдылығы 6 857 орындық 18 студенттік жатақхана пайдалануға берілетінін айтылды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жаңа жатақханалар жастардың сұранысына сай, жайлы форматта жасақталып жатқанын атап өтті.
Айтуынша, Астана қаласында Қазақ ұлттық спорт университетінде жаңа 2 жатақхана 1,5 мыңнан астам студентті орналастыруға дайын. Ашылуы 22 тамыз күні өтеді.
Алматы қаласында Халықаралық білім корпорациясының 339 орындық замануи жатақханасы биыл берілді.
Қазір 7 жатақхананы іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін тағы 11 жатақхана беріледі.
Бұған дейін Ақерке Абылайхан жатақхана алу тәртібін, студенттерге қандай қолдау шаралары көрсетілетінін айтқан еді.