Жолаушылар тасымалынан жеті айда 303 млрд теңге табыс түсті

Елдегі автокөлік және қалалық электр көлігі кәсіпорындарының жолаушылар тасымалы арқылы түскен табысы бір жылда шамамен 13,9%-ға өсті, деп жазады Kursiv.Media.
Finprom.kz деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанның автомобиль және қалалық электр көлігі кәсіпорындары жолаушылар тасымалынан 303,1 млрд теңге табыс тапты. Ең үлкен үлес автобустар мен таксилерге тиесілі. Автобус тасымалдауы такси қызметіне қарағанда жоғары өсім көрсетті.
Жолаушылар тасымалы автомобиль және қалалық электр көлігі кәсіпорындарының жиынтық табысының 24,8%-ын құрады.
Соңғы жылдары сала өз позициясын айтарлықтай нығайтты. Егер 2022 жылдың қаңтар–шілдесінде табыс 105,2 млрд теңге болса, 2023 жылы – 117 млрд теңгеге, 2024 жылы – 173,8 млрд теңгеге, 2025 жылы – 266,1 млрд теңгеге өсті. Осылайша, төрт жыл ішінде көрсеткіш үш есеге көбеген.
Қалалық көліктің басқа түрлері арасындағы көрсеткіштер әртүрлі болды. Мәселен, троллейбус тасымалдаушыларының табысы 8,8%-ға қысқарып, 1,3 млрд теңгені құрады, ал трамвай тасымалы 1,1 млрд теңге әкеліп, өткен жылмен салыстырғанда 15,9%-ға артық нәтиже көрсетті.
Жолаушылар тасымалының басқа түрлерінен түскен түсім 26,2%-ға ұлғайып, 7,7 млрд теңгеге жетті.
Астанадағы «Tarlan Astana» жеңіл рельсті көлік жүйесінің табысы шілде айында 500 миллион теңгеден асқан еді.