Мүфтият елдің үздік имамын анықтайды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елдің үздік имамын анықтайды. Республикалық сайыста жиырма имам бақ сынайды. Бұл туралы Kursiv.Media діни басқарма мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Мүфтият «Үздік имам» ІІ республикалық интеллектуалды білім сайысын ұйымдастырады. Жарыс 26 тамызда Астана қаласында өтеді.
ҚМДБ мәліметінше, республикалық деңгейде екінші рет ұйымдастырылып отырған байқауға елдің ірі қалалары мен облыстарында іріктеуден сүрінбей өткен 20 имам қатысады.
«Олар діни білім деңгейі, уағыз айту шеберлігі, жамағатпен жұмыс жүргізу дағдылары, сондай-ақ дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттау бағыттары бойынша сайысқа түседі», – деп түсіндірді мүфтият.
Шараның мақсаты – дін қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау және қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайту.
Алғаш рет 2025 жылғы желтоқсанда ұйымдастырылған «Үздік имам» сайысында Өскемен қалалық орталық мешітінің наиб имамы Бекзат Құсанбаев бас жүлде алған.