Шакира зілзаладан зардап шеккен Колумбияға 10 мектеп салып береді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Фото: Gabriel Aponte / Getty Images

Колумбиялық әнші Шакира демалысын кейінге қалдырып, жер сілкінісінен зардап шеккен Кибдо қаласына арнайы барды.

Әнші америкалық кәсіпкер Уоррен Баффеттің ұлы Говард Баффетпен бірге қираған аудандарды аралады. Олар зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетуді ұйымдастырмақ, деп жазады Kursiv.Media.

Жаңа мектептер мен университетті қалпына келтіру

Апат аймағында Шакира Чоко технологиялық университетін толығымен қалпына келтіруге және қираған білім ошақтарының орнына 10 жаңа мектеп салуға уәде берді.

Бұл мақсаттарға алғашқы 1 млн доллар қаражат тартылып қойды. Әншінің бастамасымен Global Citizen қозғалысы мен Live Nation концерттік промоутері 500 мың доллардан бөледі.

Құрылыстың негізгі серіктесі ретінде Говард Баффеттің қайырымдылық қоры мен Шакираның бұл аймақта 20 жыл бойы гуманитарлық қызметпен айналысып келе жатқан «Pies Descalzos» ұйымы белгіленді.

Шакира Канада, Жапония және Ұлыбритания үкіметтеріне, сондай-ақ жеке сектор өкілдері мен халықаралық қорларға өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын қалпына келтіруге атсалысу туралы үндеу тастады. Әнші Чоко аймағындағы әрбір бала мектеп партасына отырмағанша, бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпайтынын атап өтті.

Айта кетейік, Колумбиядағы зілзаладан 280 адам қаза тапты. 4 мыңнан астам адам жараланды. Тағы 143 адам із-түссіз жоғалды. Ел президенті зілзала зардаптарын 9,6 млрд долларға бағалады.

Сондай-ақ оқыңыз